Отарбаға мініп қаладан жөнелдік. Әуелі жай дүрсілдеп, ыңқылдап темір жолмен сырғанай жүгірді, бірте-бірте екпіндеп, сумаңдап заулай жөнелді. Қарсы жүгіріп ағаштар, қаланың шетіндегі бөлек-бөлек қоралар, үйлер, үйшіктер, телеграммның бағаналары бұлдырап қалып жатыр. Қаладан шықты, қала бірте-бірте көрінбей қалды. Екпіндеп отарба ен далаға шықты. Ашық кең далаға шықты. Анда-санда қазақтың үшеу-төртеуі бірге отырған қараша жыртық үйлер көрінеді, мал жоқ, жан жоқ, бірен-саран ғана қараша үйлердің жанында түрсіз қоңыр киімді адамдар қыбырлайды.
Жын қуғандай шауып қырға шыға келді. Е, дегенде сағым көтеріп, бойы жүз есе биіктеп, сағым теңізінде қалқыған биік мұнарадай бұлдырап көрінді. Сүйтіп құбылып, біресе көк теңізінде қалқып ұшып келе жатқан бұлдырықша зымырады.