Ақындық туралы бұрын да талай айтылып жүрген бір ақиқат ұғым бар: өмірдің өз баласы боп, дүниеге адалдық пен азаматтықтың асыл жырын айта келгенмен, ақырына дейін ақын боп қалу кез-келген адамның арқалар жүгі емес. Неге десеңіз, ақын аптабы мен ақпаны, көктемі мен қарашасы аралас өмірді селкеусіз сезінетін жүрек иесі болса керек.
Жәй жүріп, жәй тұрғанда ақынның жүрегін жарып, өзегін өртеген әр шумақ, әр жолынан өзіне таныс-бейтаныс өмірдің ағыны мен сарынын аңғарып, түйгендей толқып тебіренгендей, қабаржып мұңайғандай, қуанып, жұбанғандай едің? Көзге көрініп, қолға ұстата бермес кез-келген дүниелік ахуалдардың сыры мен сымбаты өлең болып өріліп, өзіңді де, өзгені де әлдилер еді, әуелетер еді, түптеп келгенде, бей-жай, тыныш қалдыра алмас еді.
Ойлап отырсам, отыз жылға жуық уақыт бойында Алматыда, көптеген облыс орталықтарында жас ақын-жазушылар кеңестері кезінде семинар жұмысын бірсыпыра жүргізген екем. Солардың бәрінде қыз ақындардан айыра-бөле күтетін үлкен бір үмітім көңілдегідей көл-көсір боп алдымнан шықпай-ақ жүруші еді. Сол іздегендерімді белгілі бір комплекс дәрежесінде Фаризаның "Шілдесінен" тапқан секілдімін.
Өлең ырғағын өзінше өрнектеп келтіру жағынан Фариза Оңғарсынованың бірталай шығармалары айрықша көз тартады. Сөз қолдану ерекшеліктерінен де, сөйлемдердің синтаксистік құрылысы мен өлеңнің ырғақ-интонациясынан да ақынның өзіне тән публицистикалық үнділікті, еркін сөйлеп айтылатын сөзде ғана болатын оралымдықты мол сезінеміз.