"Әкем қайтер екен?" — ауылдың шетіндегі шаруашылық ауласынан машинаға отырып, әкесінің үйіне жеткенше Ұзақты қинаған ой осы болды. Жеке үй боп бөлініп шығатынын қалай айтпақ? Және аяқ асты қазір айтып, дереу көшуі керек. Әдетте, ертеден келе жатқан дәстүр бойынша, қазақ баласын жеке үй ғып шығарарда ағайын-туғандарына күні бұрын тегіс хабарлап, мал айтып сойып, ауыл-аймаққа той-томалағын жасап, басына отауын тігіп, енші беріп шығарар еді.
Молдалар бал аштыру күнә дейді. Солай да шығар... Желіккен жас қыздар болмаса, ақыл тоқтатқан адам жетіскеннен бал аштыра ма? Әдетте балгерге маңдайын тасқа соғып, тауы шағылып жүргендер мен тұйықтан шығар жол таба алмай пұшайман болғандар барады. Қырықтың қырқасынан асқанда құмалақшыға барамын деген ой Қалибектің қаперіне кірмеген. Енді міне, құмалақ аштыруға келгендердің шұбатылған кезегінде бұл да тұр.