Біздің ауылда халыққа қадірлі қос қария ғұмыр кешті. Төкен ақсақал темірден түйін түйген нағыз хас шебердің өзі болатын. Еңбекке төселіп тарамыстанған ұзын салалы саусақтарымен күріп-күріп еткізіп күй шалатын да әдеті бар-тын. Әсіресе Сүгірдің «Боз інгенін» тартқанда өңі қуқыл тартып қос жанары суланып кететін. Күйдің әсерінен бе екен кім білсін, кей сәттері біразға дейін тілге келмей үнсіз отыратын. Күйігін күймен жұбатқан ақсақалдың алабұртқан астан-кестең жандүниесін біз пақыр ол кезде қайдан бағамдайық.