Емхана салынды, бірақ ашылмады. Алматы денсаулық сақтау басқармасы пациенттің шағымына жауап берді
Алматы тұрғыны Бостандық ауданындағы жаңа №37 емхананың әлі күнге дейін пациенттерді қабылдамай жатқанына шағымданды. Басқа медициналық мекемелердің жүктемесін азайту үшін салынған бұл нысанды қаңтар айының басында ашуға уәде берілген. Әйелдің айтуынша, салдарынан көршілес емханалардағы дәрігерлердің қабылдауына жазылу және талдау тапсыру қиындап барады, деп хабарлайды TengriHealth.
Не болды?
Желтоқсан айының соңында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды №37 емханаға барып, оның пациенттерді қабылдауға дайындығын тексерген еді. Сол кезде әкімдік медициналық мекеме 2026 жылдың қаңтар айының ортасында ашылады деп сендірген.
Емхана пациенттердің бір бөлігін өзіне алып, аудан тұрғындары үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттырады деп күтілген.
Алайда қазір тұрғындар Бостандық ауданында орналасқан №17 емханаға жүгінуге мәжбүр. Бірақ шағымданушының сөзінше, ол мекеме пациенттер ағынын еңсере алмай отыр. Алматылық келіншек әлеуметтік желіде жазба қалдырып, тіпті алдын ала жазылғанның өзінде, жанды кезектегі адамдардың көптігінен дәрігерге уақытында кіруге кепілдік жоқ екенін айтты.
"Күлкілі де, аянышты да жағдай, Бостандық ауданындағы №37 емхананы 5 қаңтардан бастап ашуға уәде берген. Бүгін 15 сәуір. Бейінді мамандарға көріну қиын. Талдау тапсырудың өзі нағыз машақатқа айналды. Жабдықтар сатып алынды, бәрі әдемі жасалған, бірақ кім үшін? Әкімге көрсету үшін ғана ма?", - деп жазды ол.
"Төрт ай бойы бәрі жоқ емхананың ашылуын күтіп жүргендей",- деді қала тұрғыны.
Threads желісіндегі жазбаның скриншоты
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының түсініктемесі
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы жазбада айтылған №37 емхананың инфрақұрылымы мен жабдықталуы тұрғысынан толық дайын екенін хабарлады.
Қазіргі уақытта мамандар атомдық қадағалау саласындағы уәкілетті органнан иондаушы сәуле шығару көздері бар жабдықтарды пайдалануға рұқсат алу үстінде.
Ведомство өкілдері бұған қоса фармацевтикалық қызметке, соның ішінде дәрі-дәрмектерді, оның ішінде есірткі және психотроптық заттары бар препараттарды сақтау мен айналымға шығаруға лицензия рәсімделіп жатқанын айтты.
"Барлық процедура белгіленген тәртіппен жүріп жатыр және қауіпсіздік нормалары мен заң талаптарын сақтау үшін уақытты қажет етеді. Бостандық ауданындағы басқа емханалардан, соның ішінде №17 емхананың жүктемесін азайту мақсатында халықтың бір бөлігін кезең-кезеңімен бекіту және ауыстыру үшін де медициналық көмектің қолжетімділігін бұзбай жүзеге асыруға уақыт керек", - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жаңа емхана ауысымына 500 адамды қабылдауға есептелген және ол елімізде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің бірыңғай стандарты бойынша салынған алғашқы нысан болмақ. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, емхана жаңа диагностикалық және емдік жабдықтармен қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін толықтай бейімделген.