Иранның одақтасы Сауд Арабиясына баллистикалық және қанатты зымырандармен шабуыл жасады
Иранды қолдайтын Йемендегі "Ансар Алла" (хуситтер) қозғалысы Йеменге жасалған соққыларға жауап ретінде Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд пен батысындағы Янбу қаласындағы нысандарға кезекті шабуыл жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі PressTV сайтына сілтеме жасап.
"Біз Сауд Арабиясының агрессиясына жауап ретінде екі арнайы әскери операция өткіздік. Бірінші операцияның нысаны - Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы маңызды нысан болды. Екінші нысан - Янбу қаласындағы Aramco компаниясының нысаны", - деді хуситтердің әскери өкілі Al Masirah телеарнасының эфирінде.
Оның нақтылауынша, соққылар баллистикалық және қанатты зымырандар, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған. Бұған дейін хуситтерге қарсы араб әскери коалициясының өкілі Турки әл-Малики әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Сауд Арабиясының үстінен Йеменнен ұшырылған және корольдіктің батыс аймақтарына бағытталған алты зымыранды атып түсіргенін хабарлаған болатын.
Өткен аптада хуситтер Сауд Арабиясының астанасына зымырандар мен дрон арқылы соққы жасалғаны, сондай-ақ Saudi Aramco нысандарына бөлек шабуыл ұйымдастырылғаны туралы хабарлаған еді.
Хуситтер мен Сауд Арабиясы қолдайтын үкіметшіл армия арасындағы әскери қақтығыс төрт жылдық тыныштықтан кейін шілде айының ортасынан бастап қайта жанданды. Осы уақыт ішінде хуситтер Қызыл теңіздің бүкіл батыс жағалауын және стратегиялық маңызы бар Баб-эль-Мандеб бұғазына жақын қалаларды басып алды.