“Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған“ - Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің жұмысын түбегейлі өзгерту қажетін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесі аппаратымен өткен жақындағы кеңесте әскери саладағы жұмыстың басымдықтарын айқындап бергенін еске салды.
"Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау", – деді Мемлекет басшысы.
Президент армияда цифрлық трансформация жүргізуді, мүмкіндігінше адамды технологиямен алмастыруды тапсырды.
"Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес", – деді Президент.
Қайғылы оқиға туралы не белгілі?
24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде 17 әскери қызметші суға кеткен. Үшеуі құтқарылды. 25 қыркүйекте таңертең соңғы екі әскери қызметшінің мәйіті табылды. Қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты.
Құтқарылған үш адамның біреуі - 19 жастағы Ақжол Темірәлиев. Ол ауруханаға ауыр хәлде түсіп, кейін жансақтау бөлімінен терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Әәскери қызметшіге психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр.
Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Қазгидромет дауылды ескерту жариялаған: өңірде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жететіні болжанған.
Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қызметке салғырт қарады, сондай-ақ ауа райы жағдайын ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау мен қажетті шараларды қабылдамады, құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмады деп күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Жоғары лауазымды бес басшы ұсталды. Тергеу басқа да тұлғалар ұсталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Қайғылы оқиғаны тергеу үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Тағы оқыңыз: Каспийде не дұрыс болмады? Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қайғылы оқиғаның ықтимал себептерін атады