Добавить новость
World News in Kazakh


Новости сегодня

Новости от TheMoneytizer

Атыраудағы атышулы сот. Сәрсемалиев өлтірілген ұлының атынан анасына хат жазған

18 мамырда Атырау облысындағы бір отбасын өлтіру ісі бойынша алдын ала сот отырысында прокурор Мирас Бауыржанов айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің қаржылық алаяқтықтарына қатысты тергеу материалдарының мән-жайын жариялады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Марқұмның атына рәсімделген несиелер
Айыптау мәліметтеріне сәйкес, сотталушы Наурыз Мұқанғалиевті (Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайының туған ағасын - ред. еск.) өлтіргеннен кейін оның жеке деректері мен банктік қызметтерге қолжетімділігін заңсыз баю мақсатында пайдаланған.

"2025 жылғы 15 мамырда сағат 15:29-да Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевтің өлгеніне нық сенімді бола тұра, алаяқтық жолмен заңсыз баю туралы қылмыстық ниетін жүзеге асырған", - деп прокурор 18 мамырдағы сотта айыптау актісін оқыды.

Айыптау актісінен белгілі болғандай, Сәрсемалиев марқұмның телефонындағы банктік қосымшаға кіріп, оның атына бірнеше тауарлық несие рәсімдеген.
Мәселе 1 698 590 теңге, 150 000 теңге, 999 980 теңге және 1 200 000 теңге көлеміндегі сомалар туралы болып отыр. Кейін тергеу нұсқасы бойынша, бұл қаражат бірқатар компания мен жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке қажеттіліктерге жұмсалған.
Ресми мәліметтер бойынша, материалдық шығын 4 048 570 теңге болды.
Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді жымқыру
Бұған қоса мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, сотталушы бұрынғы әйелінің туған ағасына тиесілі әлеуметтік төлемдерді жүйелі түрде ұрлап отыру схемасын жасаған.
Сәрсемалиев сол телефонды және банктік деректерді пайдалана отырып, бірнеше ай бойы түсіп тұрған зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді өз шоттарына аударып, иемденіп келген.

"2025 жылдың маусымынан желтоқсанына дейін ол әлеуметтік төлем түрінде түсетін ақшалай қаражатты жүйелі түрде заңсыз аударып, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған", - делінген айыптауда.

Прокуратура мәліметінше, шығын көлемі 550 125 теңге болды.
Отанасын алдау
Прокурордың айтуынша, Сәрсемалиев марқұм Мұқанғалиевтің атынан WhatsApp желісін пайдаланып, оның туыстарын тірі және қалада жүргендей сендіріп, адастырған.
2025 жылғы 29 тамызда ол марқұмның анасы Нәсіп Өтешқалиеваға "шұғыл түрде 350 мың теңге беріп жібер" деп жазған. Болған жағдайдан бейхабар және ұлымен сөйлесіп отырмын деп ойлаған әйел ақшаны дайындауға келіскен.
Бұдан әрі, тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы қаражатты Жангелдин ауылының жолаушылар тасымалымен айналысатын тұрғыны арқылы алып кетуді ұйымдастырған.

"Ол ақшаны алып, банк терминалы арқылы көрсетілген шотқа аударуды өтініп, жолақысын төлеуге уәде берген", - деп оқыды прокурор.

Алмастырудан бейхабар ер адам ақшаны алып, кейін көрсетілген шотқа аударған. Осылайша, айыптау мәліметтері бойынша, Сәрсемалиев алдау жолымен 350 000 теңгені иемденіп, өз қалауынша жұмсаған.
Бұған дейін сотта Атыраудағы бір отбасын өлтіру мотиві айтылған еді.
Айта кетейік, 18 мамырдағы отырыс барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды, онда сотталушының бұрынғы жұбайының туған ағасы Наурыз Мұқанғалиевтің және отағасы Мақсот Қарабалиннің өліміне әкеп соққан жанжалдың мән-жайы егжей-тегжейлі баяндалған.
Осы деректер жария етілген кезде Tengrinews.kz тілшілері сотталушы Сәрсемалиевтің прокурор айыптауларына реакциясын түсіріп алды. Ол прокурорды ешқандай қобалжусыз тыңдап отырды, тіпті бір сәтте оның жүзінен күлімсіреуге ұқсас белгі байқалды.

Айта кетейік, алдын ала сот отырысы - бұл тараптар іс материалдарымен танысатын, процессуалдық мәселелерді талқылайтын және сотта істі одан әрі қарау тәртібі айқындалатын кезең. Басты сот талқылауы 28 мамырға белгіленді.
Атышулы істі бұған дейін Яна Легкодимованың өліміне қатысты резонансты іс бойынша үкім шығарған судья Зарема Хамидуллина қарайды.
Сот залынан фото Tengrinews.kz: Әлімжан Аманжол
Бұл кадрларды Tengrinews.kz журналистері сот отырысы басталғанға дейін түсіріп алған.

Адам өлтіру, ұрлық және алаяқтық: күдіктіге қандай айып тағылып отыр?
Сұлтан Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылған:
99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";188-баптың 2-бөлігі "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық";190-бап "Алаяқтық".
Прокуратура мәліметінше, ұрлық пен алаяқтық эпизодтары қаза тапқандардың жеке заттарын жымқыру және олардың малын заңсыз сату фактілерімен байланысты.
Бұған дейін Атырау облысының прокуратурасы психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемалиевтің есі дұрыс деп танылғанын хабарлаған болатын. Бұл оның заңда қарастырылған көлемде толық жауап беретінін білдіреді.
Тағылған айыптарды ескере отырып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
10 мамырда БАҚ беттерінде Сұлтан Сәрсемалиевтің кінәсін мойындағаны және қазіргі уақытта тергеу изоляторында сотты күтіп отырғаны хабарланды. Дереккөздердің мәліметінше, айыпталушы қылмыстық іс материалдарымен танысып, кінәсін мойындау туралы жауап берген.
Күдіктінің жұбайына неге айып тағылмады?
10 наурызда тергеу соты қаза тапқандардың қызы және Сұлтан Сәрсемалиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваны сот-психологиялық-психиатриялық сараптамадан өту үшін Атырауда сот-психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтуге жіберді.
Наурызда прокуратура өкілдері әйелден психикалық бұзылу белгілері анықталса, оған Алматыда сараптама тағайындалатынын хабарлады.
10 сәуірде Мұқанғалиева Алматыдағы Сот сараптамасы институтына ауыстырылды.
Ақбаян Мұқанғалиева / ІІМ видеосынан кадр
4 мамырдағы жағдай бойынша Мұқанғалиеваға қатысты сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы әлі алынған жоқ. Прокуратура оның іс-әрекеті әлі сараланбағанын және оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмағанын хабарлады.

"Мұқанғалиеваның іс-әрекеттері сараланған жоқ, оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмады. Қылмыстық құқық бұзушылықтарды күдікті Сәрсемалиев жеке өзі жасаған. Басқа тұлғалардың қатысы бар екендігі туралы деректер анықталған жоқ. Сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Сәрсемалиев өз іс-әрекетінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін сезінуге, сондай-ақ оған ие болуға қабілетті деп танылды", – деп хабарлады прокуратура.

Бір отбасының өліміне қатысты іс
2025 жылдың желтоқсанында туыстары зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың ересек балаларының жоғалғаны туралы хабарлаған еді.
Сол кездегі мәлімет бойынша, отбасы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан бері олардың қайда екені белгісіз болып келген.
Фото: полицияның баспасөз қызметі
Іздеуде төрт ересек адам болды:

66 жастағы Мақсот Қарабалин;
64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
35 жастағы қызы Мейрамгүл Қарабалина;
32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.

Ерлі-зайыптылардың денесі қай жерден табылды?
Алтыншы қаңтарда Жангелдин ауылында зейнеткер ерлі-зайыптының денелері табылды. Кейін құқық қорғау органдары мәйіттердің үй ауласындағы шаруашылық құрылыс астынан табылғанын хабарлады.

Ерлі-зайыптыны жерлегеннен кейін, 8 қаңтарда полиция іс бойынша негізгі күдіктіні жариялады. Ол отбасының 29 жастағы күйеу баласы – Сұлтан Сәрсемалиев болып шықты. Ол отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кетіп қалғаны белгілі болды.
Ер адамға халықаралық іздеу жарияланды.
Күдіктілер Индонезияда ұсталуы
24 ақпанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Сенару ауылындағы қонақ үйлердің бірінде ұсталды.

Келесі күні, 25 ақпанда Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақбаян Мұқанғалиеваның да іс бойынша күдікті деп танылғанын хабарлады.
Ағалы-қарындасты жерлеу рәсімі
9 наурызда күдікті ерлі-зайыпты Алматыға экстрадицияланғаны белгілі болды. Онда Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, олардың көмілген жерін көрсетті.
Ағалы-қарындастың денелері Атырау іргесіндегі Геолог шағынауданынан табылды. Олар негізгі күдікті бұрын жалдап тұрған үй ауласына көмілген.
11 наурызда Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында ағалы-қарындасты жерлеу рәсімі өтті.
Фотоны дереккөз арнайы Tengrinews.kz үшін ұсынды
Бұған дейін туыстары Tengrinews.kz тілшісіне пікір білдіруге дайын емес екендіктерін айтып, бұл барлық жақындары үшін үлкен қайғы екенін атап өтті.

"Ағайынды екеуі қарапайым әрі мейірімді жандар еді, қолдарында барымен бөлісуге әрқашан дайын тұратын. Ешкімге зияны тиген емес. Олар ата-анасының қасына жерленді", – деді туыстарының бірі.

Сәуірдің соңында облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек қылмыстардың жарты жыл бойы жасалғанын хабарлады: отбасының ұлы Наурызды күдікті 2025 жылдың мамырында өлтіріп, отбасының қалған мүшелерін қарашада мерт қылғанын хабарлаған болатын.
Сарапшылар әрбір қаза тапқан адамның денесінен алтыдан астам пышақ жарақатын анықтады. Соққылар ас үй пышағымен мойын және кеуде тұсына жасалған.

Читайте на сайте


Smi24.net — ежеминутные новости с ежедневным архивом. Только у нас — все главные новости дня без политической цензуры. Абсолютно все точки зрения, трезвая аналитика, цивилизованные споры и обсуждения без взаимных обвинений и оскорблений. Помните, что не у всех точка зрения совпадает с Вашей. Уважайте мнение других, даже если Вы отстаиваете свой взгляд и свою позицию. Мы не навязываем Вам своё видение, мы даём Вам срез событий дня без цензуры и без купюр. Новости, какие они есть —онлайн с поминутным архивом по всем городам и регионам России, Украины, Белоруссии и Абхазии. Smi24.net — живые новости в живом эфире! Быстрый поиск от Smi24.net — это не только возможность первым узнать, но и преимущество сообщить срочные новости мгновенно на любом языке мира и быть услышанным тут же. В любую минуту Вы можете добавить свою новость - здесь.




Новости от наших партнёров в Вашем городе

Ria.city
Музыкальные новости
Новости России
Экология в России и мире
Спорт в России и мире
Moscow.media










Топ новостей на этот час

Rss.plus