Ресейдің Дағыстан аймағында екі полиция өкілі оққа ұшқан
Қарулы шабуыл Кизилюрт ауданындағы "Кавказ" федералдық автокөлік жолы бойында жасалған. Автокөліктен оқ жаудырғандар із жасырып үлгерген.
Ресейлік ақпарат агенттіктері дереккөздеріне сілтеме жасап, шабуылды бұған дейін биыл белгілі діни қайраткер Саид Афанди Чиркейскийдің зиратында жарылыс ұйымдастырған "Хасавюрт тобы" мүшелері жасаған деп хабарлады.
Сонымен бірге әлеуметтік желілерде бұл шабуылға жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы алғаны туралы хабарлар тараған. Экстремистік топтың атынан тараған хабарламада үш полиция өкілінің өлтірілгені айтылған.