Алматыдағы РФММ-да оқушылар жаппай уланғаннан кейін директор ауысты
Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) Алматы филиалына жаңа директор тағайындалды. Бұл қызметке бұрын да аталған мекемені басқарған Алмаз Күнғожин келді. Мұндай кадрлық өзгерістер оқушылардың жаппай улану оқиғасынан кейін болып отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
РФММ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұрынғы директор Мейірбек Мейірлан Едігерұлының өкілеттігі аяқталды.
Жаңа директор туралы не белгілі?
Алмаз Күнғожин - РФММ түлегі және "Математика" мамандығы бойынша PhD доктор. Ол 2018-2023 жылдары мектептің Алматы филиалын басқарған.
Күнғожин көп жылдар бойы РФММ-де мұғалім, математикалық олимпиадаларға даярлау жөніндегі жаттықтырушы, сондай-ақ мамандандырылған және эксперименттік бағдарламалар жөніндегі директор орынбасары қызметтерін атқарды. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап ол "РФММ" коммерциялық емес акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді.
Алматыдағы РФММ-де не болды?
Еске сала кетейік, 14 қазанда Алматыдағы РФММ-нің 50-ге жуық оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға жатқызылды.
Оқиғадан кейін мектеп 14-16 қазан аралығында сабақты уақытша онлайн форматқа ауыстырды. Интернат пен асхананың жұмысы тоқтатылып, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ғимаратты тексеріп, зертханалық зерттеуге сынамалар алды.
Сондай-ақ Алматы полициясы РФММ-дегі оқушылардың жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болған.
22 қазанда ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскен барлық оқушы үйіне шығарылды. Жалпы 58 балаға медициналық көмек қажет болған.
Кейін Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (СЭБД) мамандары РФММ-де оқушылар жаппай уланғаннан кейін асхананы тексеріп, көптеген заңбұзушылықты анықтады. Мектеп-интернат асханасының қызметі 60 күнге тоқтатылды.