Базалық мөлшерлеме үш рет төмендесе де, несиелер неге арзандамады: Ұлттық банк жауабы
Базалық мөлшерлеме үш рет төмендегеннен кейін несиелер мен ипотека бойынша пайыз неге сәйкесінше төмендемей отыр? Бұл сұраққа Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Баймағамбетовтің айтуынша, базалық мөлшерлеме ақшаның құнына әсер етеді, бірақ несиенің соңғы мөлшерлемесі бірқатар факторға байланысты. Оларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады: ақша құны, несиелік тәуекелдер және банк маржасы.
Неге тек базалық мөлшерлеме жеткіліксіз
Баймағамбетовтің сөзінше: базалық мөлшерлеме "қысқа мерзімді" ақшаның бағасын анықтайды. Бірнеше жылға несие беру үшін ағымдағы инфляция мен инвесторлардың күтулеріне байланысты ұзақ мерзімді ресурстардың құны маңыздырақ.
"Базалық мөлшерлеме ақшаның дәл қазіргі сәттегі бағасын айқындайды. Бұл - "қысқа" ақшаның бағасы. Несие беру үшін "ұзақ" ақшаның бағасы маңыздырақ. Ал "ұзақ" ақша қазіргі инфляцияның деңгейіне және инвесторлардың болашақта, шартты түрде бес жылдан кейін қандай инфляция болады деп күтетініне байланысты", - деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Егер инвесторлар инфляция төмендейтініне сенімді болса, олар ақшаны ұзақ мерзімге төменірек кірістілікпен салуға дайын болады. Бұл несиелеу құнына да әсер етеді.
Ақылжан Баймағамбетов мысал келтірді: инвестор мемлекеттік бағалы қағаздарды бес жылға сатып ала алады немесе қаражатты бес жылдық несие беруге бағыттай алады. Мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі қарыз бойынша мөлшерлемені белгілеу кезіндегі негізгі бағдарлардың біріне айналады.
Қайтарылмау қаупі де ескеріледі
Екінші маңызды компонент - несиелік тәуекелдер. Қарыз бере отырып, банк ақшаның қайтарылмау ықтималдығын ескереді.
"Сіз несие берген кезде әрқашан несиенің қайтарылмау қаупін ескеруіңіз керек. Бірақ мұнда тек бұл ғана маңызды емес. Егер ол кепілді болса, сол кепіл мүлкін өндіріп алу оңай ма - соған да байланысты", - дейді Баймағамбетов.
Оның айтуынша, кепілдің болуы өздігінен тәуекелдерді жоймайды. Егер қарыз алушы міндеттемелерін орындауды тоқтатса, несие берушінің мүлікті қаншалықты тез өндіріп алып, сата алатыны маңызды. Егер бұл процедура бірнеше жылға созылса, банк үшін мұндай қамтамасыз етудің құндылығы төмендейді.
Ұлттық банк төрағасы орынбасарының сөзінше, бұл құрамдас бөлік базалық мөлшерлемеге тікелей тәуелді емес. Ол жобалардың өміршеңдігіне, несиелер өтелетін ақша ағындарына және несие берушілердің құқықтарын қорғауға байланысты.
Банктердің пайдасы және бәсекелестік
Үшінші құрамдас бөлік - банктік маржа. Шығындар мен тәуекелдерді жабудан бөлек, банк несие құнына өз пайдасын да қосады.
"Бұл қайырымдылық емес екені анық. Бұл - бизнес, сәйкесінше, белгілі бір пайда болуы керек. Пайда көлемі, банктердің маржасы бәсекелестіктің қаншалықты жоғары екеніне байланысты", - деп қадап айтты Баймағамбетов.
Оның айтуынша, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бәсекелестікті күшейту үшін нарыққа жаңа банктерді, соның ішінде шетелдік банктерді тарту бойынша жұмыс істеген.
"Бәсекелі нарықта бағалар тезірек төмендейді, маржа азаяды. Сондықтан Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бәсекелестікті арттыру үшін біздің нарыққа басқа банктерді тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізді", - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, осы сегментте де бәсекелестікті күшейту үшін банктерді бизнеске несие берумен белсендірек айналысуға ынталандырған.
Ол бөлшек несиелеудің жылдам өсуіне ерекше назар аударды: өсім қарқыны 30 пайыздан асып кеткен. Егер бұрын халықтың берешегі мен табысы белгілі бір уақыт бойы қатар өсіп келсе, кейін олардың арасында алшақтық пайда болған.
Берешектің өсуі өздігінен жағдайдың нашарлығын білдірмейді, алайда мұндай алшақтық кезінде тәуекелдер жинақталады. Сондықтан, Баймағамбетовтің бағалауынша, несиелеу қарқыны қалыпқа келуі тиіс.
Еске салайық, маусымнан бастап Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қатарынан үш рет төмендетті: маусымда - 18-ден 17 пайызға дейін, шілдеде - 16,75 пайызға дейін, ал 4 қыркүйекте жылдық 16,25 пайызға дейін.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің өзгеруі несие нарығына кешігумен әсер ететінін түсіндірген болатын. Сонымен қатар, мөлшерлеменің төмендеуі бұрын ресімделген несиенің шарттарын өзгертпейді: олар шарт қайта қаралғанша немесе қарыз толық өтелгенше сақталады.