Істемейтін смартфонға ұрынып қалмас үшін құрылғыны қалай тексеріп алу керек?
Смартфон сатып алар алдында көпшілік оның сыртқы түрі мен бағасына мән бергенімен, құрылғының техникалық жай-күйін әрдайым тексере бермейді. Тіпті жап-жаңа болып көрінген телефонның өзінде аккумулятор, экран, байланыс ақаулары немесе жөнделген іздері болуы мүмкін. Төлем жасағанға дейін техниканы қалай тексеру керек және кепілдіктен айырылып қалмау жолдары туралы Tengri Life сарапшылардан біліп көрді.
Сервистік орталықтар желісінің негізін қалаушы Әлішер Есембаев мобильді техника саласында 14 жылдан аса уақыт қызмет етіп келеді. Ол тексеруді екі санатқа: жаңа және қолданыста болған құрылғылар деп бөлуді ұсынады. Сонымен қатар, iPhone және Android смартфондарын сатып алу кезінде ескеру қажет өзіндік ерекшеліктер бар.
Жаңа iPhone сатып алар алдында не нәрсеге мән беру керек?
Маманның айтуынша, тіпті жаңа телефон сатып алғанда да тек қорапта екенімен шектелуге болмайды. Ең алдымен сатушының өзін тексеру қажет: пікірлер, дүкеннің беделі, құжаттардың болуы және ресми кепілдік.
iPhone-ның белсендірілген күні
Тағы бір маңызды тұс - iPhone-ның белсендірілген күні. Оны Apple ресми сервистері арқылы тексерген жөн. Кейде қорабы ашылып, белсендіріліп қойған телефонды қайта орап, жаңа ретінде ұсынатын жағдайлар кездеседі.
"Егер құрылғы бұрын белсендіріліп, қолданыста болса, оны жаңа телефонмен тең көруге болмайды", - деді сарапшы.
Әлішер Есембаевтың айтуынша, АҚШ-тан әкелінген iPhone-дарға ерекше көңіл бөлу қажет. Сарапшы өз тәжірибесінен мысал келтірді: бір бойжеткен интернет-дүкеннен iPhone 16 Pro сатып алып, оны бір жылға жуық пайдаланған. Алайда, eSIM-ді өшіргеннен кейін, жаңасын қоса алмайтынын байқаған.
"Біз құрылғыны тексеріп, оның америкалық Verizon операторына таңылғанын (linked) анықтадық. Құрылғы бойынша берешек болған, соның салдарынан оператор оны бұғаттап тастаған", - деді маман.
Нәтижесінде жаңа eSIM орнату және мобильді байланысты әдеттегі режимде пайдалану мүмкін болмай қалды.
Сондықтан импорттық iPhone сатып алар алдында сарапшы смартфонның шетелдік операторға таңылмағанын және оны басқа операторлармен пайдалануға шектеулердің жоқтығын тексеруге кеңес береді.
Samsung және басқа Android смартфондарынан нені тексеру керек?
Android смартфондары үшін негізгі ережелер ұқсас. Сатып алу алдында мыналарды тексерген жөн:
құрылғының Қазақстанда тіркелуі;
Телефондағы, қораптағы және құжаттардағы IMEI;
құрылғының қайдан келгені;
кепілдіктің болуы;
операторлық шектеулердің болмауы;
сатып алу туралы құжаттар.
Бөліп төлеуге, лизингке немесе корпоративтік бағдарламалар бойынша сатып алынған смартфондарға ерекше назар аударған жөн. Кей жағдайларда мұндай құрылғыларға белгілі бір шектеулер немесе оператор мен құрылғы алынған ұйым алдындағы міндеттемелер қолданылуы мүмкін.
Сатып алу алдында смартфонның іші ашылмағанын және оның негізгі бөлшектері - экран, аккумулятор, камера немесе басқа да бөлшектері ауыстырылмағанын тексерген дұрыс. Сонымен қатар, экран, камера, динамиктердің, микрофон мен ұяшықтардың дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізу қажет. Аккумуляторға ерекше көңіл бөлу керек: оның күйі мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келе ме, қолданылған белгілері, зақымдануы немесе ісінуі жоқ па, соны тексеріңіз. Сондай-ақ, құрылғы алғашқы зарядтау кезінде қызып кетпейтініне көз жеткізіңіз.
Фото: depositphotos.com
Қолданылған телефонды сатып алар алдында қалай тексеруге болады?
Қолданыста болған құрылғыларға келгенде жағдай күрделірек. Тіпті мінсіз көрінетін корпус смартфонның ешқашан жөндеу көрмегеніне кепілдік бермейді.
Телефонның дисплей, аккумулятор, камералар, ұяшықтары немесе басқа компоненттері ауыстырылған болуы мүмкін. Сапалы жөндеуден кейін оны тек сыртқы түріне қарап анықтау қиынға соғады.
Әлішер Есембаев қымбат қолданылған телефонды тек сыртқы түрі жаңа сияқты болғаны үшін ғана сатып алуға болмайтынын қадап айтты.
Оның айтуынша, егер сатып алушы техникадан хабары болмаса, сатушыға ақшаны бермес бұрын кәсіби диагностикадан өткізгені абзал.
Тексерудің жалпы ережелері
Корпусты және экранды мұқият қараңыз. Құрылғыда сызаттар, сынықтар, майысқан жерлер және басқа да зақымдардың бар-жоғын тексеріңіз. Іші ашылған болуы мүмкін белгілерге назар аударыңыз.
Негізгі функцияларды тексеріп көріңіз. Төлем жасағанға дейін экран мен сенсор, камералар, динамиктер мен микрофонды, батырмалар, вибрация, қуаттау, Wi-Fi, Bluetooth жұмысын тексеріңіз. Сондай-ақ, смартфонның SIM-картаны немесе eSIM-ді қабылдайтынына көз жеткізіңіз.
Аккумулятордың күйін бағалаңыз. Егер телефон қуаты тез бітіп қалса немесе әдеттегідей пайдалану кезінде қатты қызып кетсе, бұл батарейканың тозғанын білдіруі мүмкін.
Алдыңғы иесінен жөндеу тарихын нақтылаңыз. Егер смартфонда дисплей, аккумулятор немесе басқа компоненттер ауыстырылса, бұл оның жұмысына әсер етуі мүмкін. Кейбір модельдерде ауыстырылған бөлшектер туралы ақпаратты баптаулардан көруге болады.
Сатушы өз аккаунтынан шығуы және құрылғының баптауларын зауыттық күйге қайтаруы тиіс. Осыдан кейін смартфон алдыңғы иенің деректерін сұрамауы керек.
IMEI кодын салыстырыңыз. Баптаулардағы нөмір қаптамадағы және (сақталған болса) құжаттардағы нөмірмен сәйкес келуі тиіс. Қазақстанда сатып алынатын құрылғылар үшін тіркеу мәртебесін де тексерген жөн.
Сатып алу туралы құжаттарды сұраңыз. Чек немесе кепілдік талоны құрылғының қайдан алынғанын растауға көмектеседі.
iPhone
iPhone құрылғыларында компоненттер туралы ақпараттың бір бөлігін тікелей баптаулардан көруге болады. Моделіне және iOS нұсқасына байланысты жүйе дисплей, аккумулятор, камера және басқа бөлшектердің ауыстырылғаны туралы хабарлай алады.
Егер белгісіз немесе ауыстырылған компонент туралы ақпарат көрсетілсе, сатып алушы нақты ненің ауыстырылғанын, оған не себеп болғанын және қандай бөлшек орнатылғанын анықтағаны жөн.
Бұдан бөлек, маман мыналарды тексеруді ұсынады:
корпус пен жақтау;
дисплей мен сенсор;
камералар;
қуаттау ұясы;
динамиктер мен микрофондар;
батырмалар;
бұрандалар мен ашылу іздері;
Face ID;
аккумулятор;
ұялы байланыс;
Wi-Fi және Bluetooth.
Сондай-ақ мыналарды да тексерген жөн:
Байланыс және SIM/eSIM. Смартфонның SIM-картаны немесе eSIM-ді танитынына және ұялы желіге тұрақты қосылатынына көз жеткізіңіз. Сырттан әкелінген iPhone үшін шетелдік операторға байланбағанын (lock) тексеру өте маңызды.
IMEI және сериялық нөмір. Смартфон баптауларында көрсетілген деректерді қораптағы және (сақталған болса) құжаттардағы ақпаратпен салыстырыңыз.
Бұғаттаулар мен есептік жазба. Сатып алар алдында құрылғыдан алдыңғы иенің есептік жазбасы жойылғанына көз жеткізіңіз. Баптаулар нөлденгеннен кейін iPhone бұрынғы иесінің деректерін сұрамауы тиіс.
Аккумулятор. Батареяның күйін тексеріп, қуаттың таусылу жылдамдығына назар аударыңыз. Егер смартфон қуатты тез таусылса немесе әдеттегі қолданыс кезінде қатты қызса, бұл аккумулятордағы ақауларды білдіруі мүмкін.
Сондай-ақ, сарапшы смартфонның ылғалдан қорғанысын өз бетінше тексермеуге кеңес береді. Кейбір сатып алушылар түрлі әдістермен корпустың ашылған-ашылмағанын, герметикалығын анықтауға тырысады. Алайда мұндай диагностика дәл емес және ылғалдан қорғаныстың сақталуына кепілдік бермейді. Егер бұл параметр маңызды болса, тексеру үшін арнайы жабдығы бар сервистік орталыққа жүгінген дұрыс.
Фото: depositphotos.com
Пайдаланылған Android құрылғысын қалай тексеруге болады?
Samsung және басқа да Android-смартфондарды тексеруді де корпусты мұқият қарап шығудан бастаған жөн. Желім іздері, тегіс емес жерлер, бөлшектер арасындағы көзге түсетін саңылаулар, сондай-ақ дисплейдің немесе артқы қақпақтың дұрыс орнатылмауы құрылғының ашылғанын немесе жөнделгенін көрсетуі мүмкін.
Осыдан кейін смартфонның негізгі функцияларының жұмысын тексеру қажет: Wi-Fi, Bluetooth, камералар, микрофон, динамиктер, вибрация, физикалық батырмалар мен сенсор. Сондай-ақ, саусақ ізі сканерін, құрылғыны құлыптан ашуды және (егер нақты модельде қарастырылса) NFC-ді сынап көрген жөн.
Сатып алғаннан кейін құжаттарды тастамаңыз
Пайдаланылған телефонды сатып алғанда, маман мүмкіндігінше қорабы мен құжаттарын сақтауға кеңес береді. Егер құрылғы жеке тұлғадан сатып алынса, сатушының деректері мен құрылғы туралы ақпарат көрсетілген қолхат немесе сатып алу-сату шартын рәсімдеуге болады.
"Егер сатып алушының техникадан хабары болмаса, ақшаны бермес бұрын кәсіби диагностикаға аздаған қаражат жұмсағаны абзал. Бұл кейін тексерудің өзінен әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін жөндеу жұмыстарына тап болудан сақтайды", - деп түйіндеді Әлішер Есембаев.
Заңгерлер не дейді?
Дүкеннің қандай жағдайда кепілдік бойынша жөндеуден бас тарта алатынын, чекті сақтау қажеттілігін және сатушы "құрылғыны сатып алушының өзі бүлдірді" деп мәлімдеген жағдайда не істеу керек екенін білу үшін заңгер Пётр Кодашқа хабарластық.
Маманның айтуынша, ақаудың себебі шешуші мәнге ие. Бағдарламалық жасақтамаға араласу немесе тіпті құрылғыны ашу дерегінің өзі бүкіл кепілдіктің автоматты түрде жойылуын білдірмейді. Мұндай әрекеттің бұзылумен тікелей байланысты екенін анықтау маңызды.
Кепілдіктен қашан бас тартылуы мүмкін?
"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңның 30-бабы 5-тармағына сәйкес, егер сатушы немесе өндіруші құрылғыдағы кемшілік оны тұтынушыға бергеннен кейін пайдалану немесе сақтау ережелерін бұзу, үшінші тұлғалардың әрекеті немесе еңсерілмейтін күш жағдайлары салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, кепілдігі бар тауар бойынша сатып алушының талаптарын орындауға міндетті.
Заңгер Петр Кодаштың айтуынша, құрылғының құлауы, сұйықтықтың түсуі, сәйкес келмейтін зарядтау құрылғысын пайдалану немесе өз бетінше жөндеу - егер нақты ақауға дәл осы жағдайлар себеп болғаны анықталса - осындай себептерге жатуы мүмкін.
Ал егер бейресми бағдарламалық жасақтама орнатылса ше?
Сарапшының айтуынша, бейресми бағдарламалық жасақтаманы орнату немесе бағдарламалық қамтамасыз етуге басқа да өз бетінше араласу кепілдіктің автоматты түрде толық жойылатынын білдірмейді.
Мысалы, егер бейресми бағдарламалық жасақтаманы орнатқаннан кейін бағдарламалық ақау пайда болса және сатушы бұл мәселенің дәл осы себептен туындағанын дәлелдей алса, кепілдік бойынша жөндеуден бас тартылуы мүмкін.
Бұл ретте, егер жүктеуішті бұғаттан шығарғаннан кейін смартфонның, мысалы, өндірістік ақауға байланысты дисплейі жұмыс істемей қалса, бұғаттан шығару дерегінің өзі кепілдіктен бас тартуға жеткілікті негіз болып табылмайды. Петр Кодаш сатушы немесе өндіруші ақаудың дәл иесінің іс-әрекетінен туындағанын дәлелдеуі керек деп санайды.
"Құрылғыны өзіңіз бұздыңыз": не істеу керек?
Егер сатушы құрылғы сатып алушының кінәсінен бұзылғанын алға тартса, бұл құжатпен расталуы тиіс. Қажет болған жағдайда дүкен тауардың сапасына қосымша тексеру немесе сараптама жүргізе алады. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңның 30-бабы 2-тармағына сәйкес, мұндай тексерудің немесе сараптаманың құнын бастапқыда сатушы төлейді.
Сатып алушы тексеру немесе сараптама кезінде жеке өзі немесе өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ өз қаражаты есебінен жеке сараптама жүргізуге құқылы.
"Егер сараптама кемшіліктің тауар сатып алушыға берілгеннен кейін оның пайдалану немесе сақтау ережелерін бұзуы, үшінші тұлғалардың әрекеттері немесе еңсерілмейтін күш салдарынан болғанын анықтаса, тұтынушы сатушыға сараптама мен тауарды тасымалдау шығындарын өтеуі тиіс", - деп түсіндірді Петр Кодаш.
Егер сатып алушы келіспесе, ол сатушыға жазбаша кінәрат-талап жолдай алады. Заңгердің айтуынша, заңның 42-4-бабы 2-тармағына сәйкес, сатушы тұтынушы талаптарымен келіспеген жағдайда 10 күнтізбелік күн ішінде құжаттармен негізделген уәжді жазбаша жауап беруге және растаушы құжаттардың көшірмелерін қоса беруге міндетті.
Егер сатушы белгіленген мерзімде жауап бермесе немесе талаптарды қанағаттандырудан бас тартса, тұтынушы уәкілетті органға немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы. Бұл заңның 42-4-бабы 3-тармағында көзделген.
Қандай құжаттарды сақтау қажет?
Техника сатып алғаннан кейін заңгерлер құрылғыны сатып алуды және кейінгі қызмет көрсетуді растайтын құжаттарды қоқысқа тастамауға кеңес береді.
"Бұл қағаз немесе электронды чек, түбіртек, техникалық паспорт немесе тауар, оның құны, сатып алынған күні мен сатушы туралы ақпараты бар басқа да құжат болуы мүмкін", - деді Петр Кодаш.
Егер смартфон немесе басқа техника диагностикаға немесе жөндеуге берілсе, қабылдау-тапсыру актілерін, диагностика нәтижелерін және жүргізілген жөндеу туралы құжаттарды да сақтаған жөн.
Заңгердің айтуынша, чектің болмауы сатып алушының сатып алу дерегін растай алмайтынын білдірмейді. Оның айтуынша, бұл үшін куәгерлердің айғақтарын, суреттерді, бейнежазбаларды және басқа да дәлелдемелерді пайдалануға болады.
Техника сатып алынғаннан кейін бірден істен шықса не істеу керек?
Егер жаңа смартфон қосылмаса, зарядталмаса, камерасы жұмыс істемесе немесе басқа да кемшілік анықталса, құрылғыны өз бетінше жөндеуге тырыспаған жөн. Петр Кодаш ақауды тіркеп, сатушыға жазбаша талаппен жүгінген дұрыс деп кеңес береді.
Заңның 15-бабына сәйкес, тұтынушы сатушы алдын ала ескертпеген кемшілікті анықтаған жағдайда бағаны төмендетуді, кемшілікті тегін жоюды, жөндеу шығындарын өтеуді, тауарды ауыстыруды немесе шартты бұзып, ақшаны қайтаруды талап ете алады.
Сарапшының айтуынша, егер сатып алушы тауарды ауыстыруды талап етсе, сатушы мұны дереу орындауы тиіс. Егер мәселені шешу үшін қосымша тексеру немесе сараптама қажет болса, мерзім 30 күнтізбелік күнге дейін созылуы мүмкін.
"Жөндеуді таңдаған кезде, егер шартта басқа мерзім белгіленбесе, ақау әдетте 10 күнтізбелік күн ішінде жойылуы тиіс. Бұл ретте шарттық мерзім 20 күнтізбелік күннен аспауы керек", - деп түсіндірді ол.
Тауардың кемшіліктеріне қатысты талаптар кепілдік мерзімі ішінде қойылуы мүмкін. Егер кепілдік мүлдем белгіленбеген болса, заңның 17-бабы 2-тармағына сәйкес, егер заңда немесе шартта ұзағырақ мерзім көзделмесе, талаптар тауар берілген күннен бастап екі жыл ішінде кемшіліктер анықталған жағдайда қойылуы мүмкін.
Еске салайық, 20 тамыздан бастап Қазақстанда мобильді құрылғыларды сату ережелері өзгерді. Сондай-ақ Қазақстанда мобильді құрылғыларды тіркеу ережелерін өзгерту жоспарланып отырғаны хабарланған болатын. Жаңа талаптар пайдаланушыларды биометриялық сәйкестендіруді қарастырады.