Ақтауда панажайдағы жануарлар азықсыз қалды
Ақтаудағы ең ірі жануарлар панажайының бірі мүшкіл халге түсті. Мекеме басшысы Ирина Болатованың айтуынша, ұйымның қаражаты таусылып, жануарларға беретін азық қалмаған. Қазір бірнеше жүздеген үй жануарының тағдыры қыл үстінде тұр, деп хабарлайды Tengri Life Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Болатованың сөзіне қарағанда, бүгінде панажайда 600-ден астам жануар бар. Ұйым көптеген жылдар бойы жанашыр қазақстандықтардың көмегі арқасында жұмыс істеп келген. Алайда кейінгі уақытта жиналатын қаражат жетпей, жағдай қиындаған.
Фото: Lada.kz.
"Егер бізде 100 жануар болса, жағдай басқаша болар еді. Ал бізде 600-ден асты. Кейде адамдар бір итті асырай алмай жатады, мен осынша жануарды қалай бағып-қағып отырғанымызға өзім де таңғаламын. Осы жылдар ішінде жануарлар бір күн де аш қалған емес, бірақ қазір барлық қор таусылды. Жиналып жатқан қаражат жетпейді", - деді Ирина Болатова.
Азық тапшылығынан бөлек, панажайдың жануарларды емдеу және уақытша ұстау қызметтері үшін де қарызы қордаланып қалған. Қордың бұл қызметтер үшін жалпы берешегі 500 мың теңгеден асады.
Фото: Lada.kz.
Сонымен қатар панажайда тұрақты ветеринарлық көмекті қажет ететін жануарлар бар. Оларды емдеуге де қосымша қаражат керек.
Қор өкілдері Ақтаудың жанашыр тұрғындары мен өзге де қазақстандықтар осы қиын сәтте қол ұшын созып, жануарларды азықпен және қажетті ем-доммен қамтамасыз етуге көмектеседі деп үміттенеді.
Бұған дейін Алматы облысындағы жануарлар панажайының айналасында дау туындаған еді: сот шешімімен 600-ден аса құтқарылған жануар бағылып отырған жер учаскесі тәркіленіп жатыр.