Үйлерді бұзу уақытша тоқтатылды: Алматыда тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы бойынша мерзім қайта қаралды
Алматының 2030 жылға дейінгі тұрғын үйді реновациялау бағдарламасына 41 өзгеріс пен толықтыру енгізу жоспарланған. Олардың қатарында кейбір жылжымайтын мүлік нысандарын бұзу мерзімін өзгерту және қоныс аударушыларға кепілдіктің жаңа тетіктерін енгізу мәселелері бар. Бұл ескі үй иелеріне не береді және нені өзгертеді?
Түзетулер Алматы мәслихатының сессиясында қаралды. Өзгерістердің бірі мерзімге қатысты. "Алматы" ӘКК" АҚ басқарма төрағасы Марат Байдурин биылға жоспарланған үйлердің бір бөлігін бұзу жұмыстарын 2027–2029 жылдарға ауыстыру ұсынылғанын айтты.
"Бұл ретте бағдарламаның қорытынды көрсеткіші төмендемейді және 2030 жылға дейін 676 үй болады. Түзетулер, ең алдымен, қаланың кейбір аудандарында қоныс аудару қоры көлемінің жеткіліксіздігіне байланысты болып отыр", - деп нақтылады ол.
Сондай-ақ өзгерістер аясында "Алматы Реновация" ЖШС мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Компанияға инвесторларға қарыз беруге ғана емес, қоныс аударушыларға арналған үйлер мен осы нысандарға қажетті инженерлік желілерді салуға да рұқсат берілмек.
"Егер жоба жоспар бойынша жүрмей, инвестор оны жүзеге асыра алмаса немесе күтпеген шығын туындаса, не болатынын түсінгіміз келеді. Мұндай жағдайда компания тәуекелді өз мойнына алып, өзіне сеніп тапсырылған қаражатқа қауіп төнбей ме? Бұған кім жауап береді?" - деп сұрақ қойды депутат Андрей Шин.
Марат Байдурин экономикалық тұрғыдан ешқандай тәуекел жоқ екенін айтты. Әдетте бұл үшін кепіл заттар мен банктік кепілдіктер алынады. Есесіне, бұл компанияға инвесторлар қызығушылық танытпаған учаскелерде "Қазақстан тұрғын үй компаниясымен" бірлесіп немесе дербес үй салуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ спикерге ескі үйін жаңасына ауыстыруға шешім қабылдап, бірақ ақыры құрылысы тоқтап қалғандарға берілетін кепілдік туралы сұрақ қойылды. Бағдарламаға сенген адам далада қалмай ма?
"Расында, бағдарламаның қазіргі нұсқасында бұл бөлімде олқылықтар болған. Осыған байланысты біз ұсынып отырған өзгерістер мүлікті жүз пайыз қорғауға және меншік иелеріне кепілдік беруге мүмкіндік береді. Өйткені жаңа үй инвестордың қаржылық жағдайына қарамастан, "Қазақстан тұрғын үй компаниясының" (ҚТК) қатысуымен аяқталады. Яғни, біз дәл осы бөлімде меншік иелерін қорғайтын жаңа ережені енгізіп жатырмыз", - деп жауап берді Марат Байдурин.
Сонымен қатар спикерге үйі бұзылып, жаңасы әлі салынбаған жағдайда қоныс аударушы қайда тұратыны туралы сұрақ қойылды. Марат Байдурин бірнеше нұсқа бар екенін айтты. Инвестор бұрынғы пәтерді иесінен сатып ала алады немесе қоныс аудару қорын пайдалану арқылы меншік иесіне бірден басқа пәтер ұсынылуы мүмкін немесе құрылыс жүріп жатқан уақытта инвестор қоныс аударушыға уақытша баспана жалдап бере алады.
Депутаттар түзетулерді қолдады.
Тағы оқыңыз:
Кепілдегі үй сүрілетін болса, өтемақыны кім алады: иесі ме әлде банк пе?
Алматыдағы реновация: қай жерлерде үйлер бұзылып, қай аудандар кезекте тұр?