Тоқаев әскери реформа жоспарын дайындауды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Президент - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы ұжымға жаңа қорғаныс министрін таныстырды.
Жиын Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Қайғылы оқиға туралы не белгілі?
24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде 17 әскери қызметші суға кеткен. Үшеуі құтқарылды. 25 қыркүйекте таңертең соңғы екі әскери қызметшінің мәйіті табылды. Қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты.
Құтқарылған үш адамның біреуі - 19 жастағы Ақжол Темірәлиев. Ол ауруханаға ауыр хәлде түсіп, кейін жансақтау бөлімінен терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Әәскери қызметшіге психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр.
Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Қазгидромет дауылды ескерту жариялаған: өңірде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жететіні болжанған.
Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қызметке салғырт қарады, сондай-ақ ауа райы жағдайын ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау мен қажетті шараларды қабылдамады, құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмады деп күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Жоғары лауазымды бес басшы ұсталды. Тергеу басқа да тұлғалар ұсталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Қайғылы оқиғаны тергеу үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Тағы оқыңыз: Каспийде не дұрыс болмады? Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қайғылы оқиғаның ықтимал себептерін атады