Қазақстаның вице-президенті Қарин ішкі саясаттың негізгі басымдықтарын атады
Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин ішкі саясаттың үш негізгі басымдығын атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қарин конституциялық құндылықтарды бірінші басымдық ретінде атады:
"Бұлар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының стратегиялық бағытының негізін құрайды. Бұл – Заң және Тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет және білім, ғылым және инновациялар, еңбекқорлық және прогресс құндылықтары, қоршаған ортаға қамқорлық, жауапты әрі жасампаз патриотизм", - деп жазды вице-президент Telegram-арнасында.
Қариннің пікірінше, салалық органдар Президенттің "Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы" Жарлығын және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын тыңғылықты түрде іске асыруға баса назар аударуға тиіс. Ол бұл үшін Ата Заңның негізгі ережелерін түсіндіріп, конституциялық құндылықтарды дәріптеуге қатысты жүйелі сараптамалық-әдістемелік, ақпараттық және мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізу қажет екенін айтты.
Екінші – жаңа қоғамдық этика. Қариннің сөзінше, бұл қоғамда прогрессивті нормалар мен мінез-құлық үлгілерін орнықтыруды, өзіндік құндылықтар негізін нығайтуды, қоғамдық өмірді кері тартуға және тарихи фактілерді бұрмалауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруды білдіреді.
"Заң және Тәртіп" қағидатын практикалық тұрғыда іске асыруға, "Таза Қазақстан" жобасын сапалы жүргізуге және "Адал азамат" тәрбие бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға ерекше назар аударылуға тиіс. Жұмыстың жаңа тәсілдері мен форматтары қажет. Атап айтқанда, бірыңғай цифрлық платформа құру, ұлттық тазалық стандарты мен өңірлердің тазалық рейтингін енгізу арқылы Президенттің "Таза Қазақстан" бастамасын кең ауқымда іске асыру керек", - дейді вице-президент.
Үшінші – болашаққа ұмтылыс. Қарин бұл – ғылым мен білім, инновациялар мен технологиялар, мәдениет пен ағартушылық арқылы адам капиталын дамытуға баса мән беру екенін айтты. Оның сөзінше, тұжырымдамалық бағыт Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген стратегиялық құжаттарда айқындалған. Бұл – ең алдымен "Қазақстан балалары", "Оқитын ұлт", Digital Qazaqstan және басқалары. Негізгі мақсат – болашаққа сеніммен қарайтын күшті мемлекет пен прогрессивті қоғам құру.
"Осылайша, үш басымдықтың барлығы біз қандай қоғам құрып жатырмыз және қандай елде өмір сүреміз деген басты сұрақтарға жауап береді. Бұл үшін жасампаз күн тәртібі мен конституциялық құндылықтарды ұстануымыз керек", - деп түйіндеді Ерлан Қарин.
Бұған дейін вице-президент идеологиялық кеңес отырысын өткізіп, онда ішкі саясат саласындағы басым міндеттер қаралған болатын. Ерлан Қариннің пікірінше, мемлекеттік саясат прогрессивті конституциялық қағидаттарды орнықтыруға бағытталуы тиіс.