Ісіктің салмағы нәрестенің өз салмағындай: Алматыда дәрігерлер жаңа туған қызды құтқарып қалды
Алматыда жаңа туған нәрестеден салмағы екі келі болатын сегізкөз-құйымшақ тератомасы (ісік) алып тасталды. Жаңа түзілім сәбидің дене салмағының жартысын құраған, - деп хабарлайды Tengri Health Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Тератома жүктілік кезінде анықталған
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, ісік жүктіліктің 20-аптасында скрининг кезінде анықталған. Осыдан кейін ата-ана бірнеше рет кеңес алуға келіп, хирургтардың қатысуымен консилиумдардан өткен.
Дәрігерлер болашақ ананың жағдайын және бала денсаулығының негізгі көрсеткіштерін бақылауда ұстады. Жүктіліктің 34-аптасында әйелдің іші ауыра бастаған.
Дәрігерлер кесар тілігін жасап, содан кейін жаңа туған нәресте Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына ауыстырылды.
Анықтама: Сегізкөз-құйымшақ тератомасы - ұрық жасушаларынан пайда болатын, туғанға дейін құйымшақ аймағында дамитын сирек кездесетін туа біткен ісік. Көп жағдайда жаңа туған нәрестелерде ол қатерсіз болады, алайда үлкен ісік ұрықтың қан айналымын бұзуы мүмкін, ал тератоманың кейбір түрлерінде қатерлі компоненттер болуы ықтимал.
Ісіктің салмағы сәбидің салмағымен бірдей болған - толығырақ
Министрліктің ақпараты бойынша, бала туған кезде ісік қатерсіз болған, бірақ өмірінің алғашқы алты айында қатерлі ісікке айналу қаупі болғандықтан, дәрігерлер мұндай түзілімдерді мүмкіндігінше тезірек алып тастайды.
Қыз жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөліміне жатқызылып, ісікті алу операциясына дайындық басталды. Операцияны Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының мамандар тобы: хирург Саматбек Мырзахмет, хирург-ассистент Бегалы Төребек және анестезиолог-реаниматолог Ұлықпан Әлсейітов жасады.
"Бала туғанда салмағы төрт келіге жуық болды - оның тура жартысы ісік еді. Операция сәтті өтті. Ісікті алған бойда пластика жасадық. Сәби үйіне аман-есен шығарылып жатыр", - деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бөлім меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Дәрігер тігістердің білінбейтініне және болашақта қыздың ешқандай қолайсыздық сезінбейтініне сендірді.
Бұл отбасы үшін көптен күткен сәби - нәресте туғанға дейін ерлі-зайыптының төрт ұлы болған.
"Мен баламды туғаннан кейін көрдім, осы үлкен ісікті көргенде қатты қорықтым. Қызымды аман алып қалғаны үшін дәрігерлерге шексіз алғыс айтамын", – дейді нәрестенің анасы Аяжан.
Дәрігерлер туа біткен ақаулардың дамуына тұқым қуалаушылық, инфекциялар және басқа да түрлі ішкі және сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.