Добавить новость
World News in Kazakh


Новости сегодня

Новости от TheMoneytizer

“Мінезі осындай“. Тоқаевтың сүйікті жылқысының күтімі қандай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқорасында бірнеше ақалтеке бар.
Tengrinews.kz тілшілері онда барып, әр жылқыны көріп, олардың қалай қоректенетінін, неге арнайы спа-процедуралар жасалатынын және көпшілікке танымал болған изабелла түстес биенің неге ең ерке екенін біліп қайтты.
Бізді ең бірінші болып Ганатлы есімді алтын түстес құла айғыр қарсы алды.
Президент Тоқаевтың тұлпары - Ганатлы айғыры. Фото: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Шоқтығы биік, сабырлы әрі адамға үйірсек бұл сәйгүлік қоршауға асықпай жақындап, қонақтарды мұқият барлап шықты. Фотографтардың объективінен еш жасқанатын емес.
Ганатлы айғыры жаттығу кезінде. Фото: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Бұл атқорада Ганатлы мен Мерварид есімді айғырлар, Табыс-Dacor және Армита-Мид атты асыл тұқымды биелер, сондай-ақ Ақжан мен Ақниет және Бөрте есімді құлындар мекендейді.
Анықтама: ақалтеке - әлемдегі ең көне мәдени жылқы тұқымдарының бірі, ол араб, ағылшынның таза қанды мініс аттары мен өзге де көптеген тұқымдардың қалыптасуына әсер еткен. Араб жылқысымен қатар таза қанды тұқымдар санатына жатады, себебі ол мініс атының эталоны болып саналады және 5000 жыл бойы басқа тұқымдармен будандастырылмаған. Қазіргі Түркменстан аумағында пайда болған, атауы Ахал алқабы мен оны өсірумен айналысқан түркменнің теке тайпасына байланысты қойылған. Мамандардың айтуынша, ақалтеке тұқымы - денесі шымыр, артық майы жоқ, өте төзімді жануар. Олар мініске жайлы, ат спортында, әсіресе ат баптау мен қашықтыққа шабуда кеңінен қолданылады. Жүніне тән ерекше жылтырымен, әсіресе ашық түстілерімен ерекшеленеді. Көз тартар сұлулығы мен төзімділігінен бөлек, бұл тұқым зеректігі және иесіне деген ерекше адалдығымен бағаланады. Дөрекілік пен немқұрайлылықты ақалтеке өзге жылқыларға қарағанда әлдеқайда ауыр қабылдайды.
Бұл атқораны мекендеушілер өзінше сұлу. Мінездері де әртүрлі. Бірі бейтаныс жандарды сабырмен қарсы алса, енді бірі алғашқы минуттан-ақ қасыңа келіп, назарыңды аударғысы келеді, ал үшіншілері сырттай ғана бақылап тұрады.
Сурет Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Екінші айғыр - Мерваридке сүйсіне қарап тұрмыз. Ол екі жас құлын - Ақниет пен Бөртенің әкесі. Олар туралы әлі толығырақ айтамыз.
Әзірге назарымыз мына бір көрініске ауды: фотограф ақшыл түсті биені суретке түсірмекші еді, бірақ ол байыз тауып тұратын емес. Фотограф ыңғайлы сәтті күткенше, ол бірде теріс қарап, бірде қоршауға жақындап, енді бірде шауып кетеді. Оның бірнеше секундқа қозғалмай тұрған сәтін ұстап қалу - оңай шаруа емес сияқты.

"Біздің биенің мінезі осындай", - дейді атқора қызметкерлері күлімсіреп.

Бұл - Ақжан. Дәл осы биенің суреттері кейінгі айларда әлеуметтік желілер мен отандық және шетелдік БАҚ-тарда кеңінен таралды. Осылайша біз президенттік атқораның ең танымал мекенімен таныстық.

"Президенттің ең жақсы көретін тұлпары - Ақжан, - дейді мамандар. - Бұл бізде туған алғашқы құлын. Сондықтан Мемлекет басшысы оған ерекше ықыласпен қарайды".

Ақжан. Фото: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Айтпақшы, оның есімін Президенттің өзі қойған.
"Президент атқораға келгенде, міндетті түрде әр жылқыға жақындап, өз қолымен жем береді", - дейді қызметкерлердің бірі.
Ақжан. Сурет Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Ақжан - Ганатлы айғырының тұқымы. Президент атқорасындағы ақалтеке тұқымы дәл осы тұлпардан тараған. Биенің шығу тегі қызметкерлер үшін маңызды болса, оның сырт келбеті оны алғаш көрген кез келген адамды таңғалдырмай қоймайды.
Күн сәулесі түскенде Ақжанның ақшыл жүні ақалтеке тұқымына тән жылтыр реңк береді. Ал серуеннен немесе жаттығудан кейін бие аздап терлесе, жүнінің астынан нәзік қызғылт терісі көріне бастайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақжан биесінің жанында. Сурет Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Жаттықтырушының айтуынша, кейбіреулер оның түсі неге мұндай ерекше екенін сұрап жатады. Ол: "Оның жүні өзіне тән қызғылт реңкке ие, содан осындай әсер пайда болады", - деп жауап береді.
Ақжан. Сурет Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Жылқының мұндай түсі "изабелла" деп аталады және ол өте сирек кездеседі. Мамандардың айтуынша, бұл түс ақалтеке жылқыларының тек 2,5–3 пайызында ғана болады.
Жаттықтырушы Ақжанды туған кезінен біледі - оның айтуынша, "ол көз алдында өсті". Өзінің жылқымен жұмыс істеп келе жатқанына отыз жылға жуықтады, осы уақыт ішінде тұлпарлардың бірнеше буынын тәрбиелеп, бұл жануарларды терең түсінуді үйренген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақжан атты биенің қасында. Сурет Ақорда баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Маманның айтуынша, Ақжанның өзіндік мінезі бар: ол адамдардың назарын жақсы көреді, жаңа қонақтарға қызығушылықпен жақындайды және жалғыздықты мүлдем жаны сүймейді.

"Егер оны жалғыз жіберсе, алаңдай бастайды. Оған қасында міндетті түрде адамдар немесе жылқылар болуы керек. Сонда ғана ол өзін жайлы сезінеді".

Мұндай сипаттамадан кейін еріксіз мынадай сұрақ туындайды:
- Мұндағы ең ерке әрі ең сүйіктісі кім?
- Әрине, Ақжан, - деп жауап береді қызметкерлердің бірі.
Жаттықтырушы күліп, қарсылық білдірді:
- Жоқ, ол ерке емес. Тек ең әдемісі. Сондықтан бәрі солай ойлайды.
Содан соң күтпеген жерден былай деп қосты:

"Кәсіби мамандарда сүйікті жылқы болмайды. Ата-ана өз балаларының бәрін қалай жақсы көрсе, біз де бәрін бірдей жақсы көреміз".

Ақжан. Сурет Ақорда баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Ақжанның сирек кездесетін изабелла түсі, мінсіз сыртқы бітімі мен атақты шыққан тегі оны ерекше бір нәрсемен салыстыруға итермелейді. Сондықтан оны жылқы әлеміндегі өзіндік бір Ferrari немесе Rolls-Royce деп атауға бола ма деп сұрадық.
"Жылқы - тірі жан иесі. Сондықтан оны автомобильмен салыстыру, меніңше, дұрыс емес, - деп жауап берді мұндағы команда жетекшісі. - Ақалтеке жылқылары адамның ішкі күйін өте нәзік сезінеді. Оларды техникамен немесе қандай да бір жансыз заттармен салыстыруға болмайды".
Қонақтардың барлық назары әдетте изабелла түсті Ақжанға ауғанымен, атқорадағы өзге де жылқылар назар аударуға лайық. Мысалы, қара-бұлғын түсті Табыс-Dacor - Ақжанның енесі, асыл тұқымды бие. Ол өзінің ерекше құлынына қарағанда басқаша.
Табыс-Dacor биесі. Фото: © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Табыс-Dacor айналасында болып жатқан жайттарды жіті бақылап тұрғандай - құлындарға жақындай қалсаңыз, оның аналық түйсігі қаншалықты күшті дамығаны бірден байқалады.
"Ол әрқашан құлындарын қасында ұстауға тырысады және оларды мұқият қадағалайды", - деп түсіндіреді қызметкерлер оның мінез-құлқын.
Сурет Ақорда баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Ақжаннан бөлек, Табыс-Dacor-дан таяуда ғана, 9 мамырда Бөрте есімді құлын туды.
Тағы бір ересек бие - Армита-Мид мүлдем басқаша әсер қалдырады. Сабырлы, байсалды, өзіне сенімді, ол өзгелердің арасында нағыз көшбасшы саналады.
Сурет Ақорда баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Биыл наурызда Армита-Мид Ақниетті туды - ол биылғы құлындардың ішіндегі ең үлкені. Олардың ата-аналары күнделікті жаттығу мен күтімде болса, жас жылқылардың басты міндеті - қоршаған ортаны тану.

"Құлындарға үлкен салмақ түсіруге болмайды. Әзірге біз оларды тек жетектеп жүрміз, кейде кордада аздап жұмыс істейміз. Қазір олар үшін ең бастысы - өсіп, қатайып, адамға сенуді үйрену", - деп түсіндіреді жаттықтырушы.

Осылайша біз атқораның жұмысы, жылқылардың қалай күтілетіні және олардың күн тәртібі туралы әңгімеге көштік.
Біз процесті бақылап отырмыз, сырт көзге ол өте асықпай жүріп жатқандай көрінеді. Бірақ мұның артында күннен күнге өзгермейтін, ұсақ-түйегіне дейін есептелген тәртіп тұр.
Қызметкерлердің жұмысы тоғызда басталады. Бұл уақытқа қарай жылқылар жем-шөбін жеп, суын ішіп, жаттығуға дайын тұрады.
Сурет Ақорда баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Алдымен - міндетті түрде тазалау. Жылқыларды арнайы щеткалар және қырғыштармен мұқият тарап, тұяқтарын тексереді, жүні мен терісін қарап шығады.
"Тексеру күніне екі рет - таңертең және кешке жүргізіледі. Біз олардың жағдайын үнемі қадағалап отырамыз, уақытылы вакцинация жасап, қажетті сараптамаларды өткіземіз", - дейді қызметкерлер.
Әр жануарға жеке жаттықтырушы бекітілген, ол жылқының күйіне жауап береді және күн сайын кез келген өзгерісті бақылап отырады.

"Әрине, барлық жылқыны өзім жеке қадағалаймын, - деп толықтырды жергілікті мамандар тобының жетекшісі. - Бірақ бұл - тұтас команданың жұмысы. Менімен бірге жаттықтырушылар, атбегілер мен ветеринар мамандар жұмыс істейді. Әркім өз бағытына жауапты, бірақ бәрінің мақсаты бір - жануарлардың сау болуы және өздерін жайлы сезінуі. Мен жылқылардың әлемдегі ең үздік атқораларда да осылай күтілетінін естігенмін. Бізге шетелдік делегациялар, мысалы, араб елдерінен келгенде, біздегі күтім деңгейіне таңданып, тәнті болды".

Мұнда күннің көп бөлігі жаттығуларға арналады. Таңғы сағат оннан кешкі беске жуық уақытқа дейін жылқылар кезекпен жұмысқа шығады. Жасына және дайындығына қарай әрқайсы жаттығуда бір жарым сағаттан екі сағатқа дейін болады.
Сурет Ақорда баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Алдымен биелер құлындарымен бірге серуенге шығады. Олар далада жүргенде, қызметкерлер қалған жануарларды дайындайды.
Одан кейін ересек айғырлардың кезегі келеді. Тек содан соң ғана Ақжанмен жұмыс істей бастайды.
"Ол әлі өте жас, сондықтан оған көп салмақ салмаймыз. Негізінен қолға үйретеміз, кейде кордамен (ат спортында атты шеңбер бойымен жаттықтыру үшін қолданылатын ұзындығы 7-ден 10 метрге дейінгі мықты шылбыр - ред. ескертпесі) аздап жұмыс істейміз. Қазір ол үшін спорттық нәтиже көрсетуден гөрі адамға сенуді үйрену маңыздырақ", - деп түсіндіреді бапкер.
Бапкер жас жылқыларды асықтыруға болмайтынын айтады.

"Ақалтекелер адамды өте жақсы сезінеді. Егер сен ашулы немесе мазасыз болсаң, олар мұны бірден түсінеді. Сондықтан бастысы - төзімділік. Жылқының өзі саған сене бастауы керек".

Отыз жылға жуық еңбек өтілі бар маман өз тәрбиеленушілерін сөзінен емес, көзінен түсінетін деңгейге жеткен. Оынң айтуынша, кейде олар адамның көңіл-күйін өзінен бұрын сезіп қояды.
Жаттығудан кейін қызметкерлердің жұмысы бітіп қалмайды. Керісінше, тағы бір маңызды кезең басталады. Мәселе мынада: терлеген атты бірден қораға кіргізуге болмайды.
Фото: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Алдымен жануардың тынысы толық қалпына келуі тиіс. Содан кейін жуындыру кезегі келеді. Мұның бәрі жақсы спа-кешеніндегідей деңгейде атқарылады.
Жылқыларды кәсіби сусабындармен жуып, арнайы кептіру аймағына өткізеді. Мұнда жылыту шамдары мен қуатты желдету жүйесі жұмыс істейді, соның арқасында жануардың түгі тез кебеді.
Табыс-Dacor-ды жаттығу алдында жуындыру сәті. Фото: © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев

"Біз атты ешқашан қораға су күйінде қоймаймыз. Бұл оның тоңып қалуына немесе ауруға шалдығуына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан алдымен жануарды толық кептіріп, содан кейін ғана ішке кіргіземіз", - дейді қызметкерлер.

Дегенмен, күтім жасаудың да өз ерекшеліктері бар.

"Жылқыларды күн сайын жууға болмайды. Олай істесе, терісінің табиғи қорғаныс қабаты жуылып кетеді. Ал тазалау жұмыстары күніне екі-үш рет - міндетті түрде жұмыс алдында және одан кейін жүргізіледі", - деп нақтылады мамандар.

Ал Ақжан ерекше күтімді қажет етеді - оның сирек кездесетін ақшыл түсіне байланысты кез келген шаң бірден көзге түседі.
"Ол әрдайым таза болуы тиіс. Сондықтан оған шынымен де көбірек көңіл бөлінеді", - дейді бапкер жымиып.
Президенттің тұлпарларын қалай қоректендіретіні де өте қызық. Ас мәзірінің негізін пішен, бидайық, жоңышқа және дәнді жем құрайды. Бірақ мәзір мұнымен шектелмейді. Ақалтекелер күн сайын сәбіз, алма, арнайы дәрумендік қоспалар мен мюсли алады.
Жемге тіпті бал да қосылады. Ал асылтұқымды айғырларға тауық жұмыртқасы да беріледі.
"Бұл тұқым сапасын жоғары деңгейде сақтау үшін қажет", - деп түсіндіреді бапкер.
Сурет Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Басқаша айтқанда, рацион жылқының атқаратын рөліне, жасына және физикалық жүктемесіне қарай ерекшеленеді.
Аттар күніне үш рет қоректендіріледі. Ал пішен мен су тәулік бойы тұрады.
Бұл ретте қызметкерлер тек рационның өзі ғана емес, әр өнімнің сапасы да маңызды екенін айтады. Мұнда әсіресе пішеннің сапасы мұқият тексеріледі.

"Ол құрғақ, таза, көгермеген және дымқыл емес болуы керек. Егер кішкене ғана күмән туса, ондай жемді бірден алып тастаймыз. Біз үшін жануарлардың денсаулығы бәрінен маңызды", - дейді мамандар.

Қатаң тәртіпке қарамастан, президенттік атқорадағы өмірді бірсарынды деп айту қиын.
Сурет Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Әр жылқының өз мінезі, өз әдеттері мен кішкене "еркеліктері" бар.
Кейбірі адамға тез бауыр басады, енді бірі бейтаныс жандарға алдымен ұзақ барлап қарайды. Бірі жаттығу кезегін сабырмен күтсе, екіншісі тағатсызданып, қорадан сығалай береді.
Сурет Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев
Бірақ олардың ұқсас тұстары да бар.

"Егер бір жылқыны басқаларынан ерте тамақтандырсаң, өзгелері бірден "наразылық" білдіре бастайды, - деп күледі бапкер. - "Ал бізге ше?" дегендей кейіп танытады. Сондықтан бәрінің тамақтану кестесі бірдей".

Әр жылқы өзінің серуендейтін, жаттығатын және күтім жасалатын уақытын жақсы біледі. Және бұл тәртіпті қажетсіз өзгерту қабылданбайды.
Олар спорттық өмірге дәл осылай күн сайын дайындалады.
Біз бапкерден адамдардың мұндай жылқыларды не үшін ұстайтынын сұрадық, өйткені олар күн сайын бәйгеге қатыспайды және иесіне практикалық пайда әкелмейді.
Самат бірнеше секунд ойланып қалып, былай деді:

"Жылқыны жаны үшін ұстайтын адамдар бар. Таңертең аулаға шыққанда, оның шауып жүргенін көресің. Оған қарап-ақ көзің тояды. Бүкіл пәлсапа осында шығар".

Қазақ үшін жылқының орны әрқашан бөлек болған. Онымен көшіп-қонып, аң аулаған, алыс сапарлар мен шайқастарға шыққан. Тұлпар - байлықтың символы, сенімді инвестиция әрі бағалы сыйлық саналды. Адамның қауіпсіздігі мен өмірі көбіне аттың төзімділігі мен жүйріктігіне тікелей байланысты болды. "Ер қанаты - ат" деген қазақ мәтелі жылқының дала перзенті үшін қаншалықты маңызды болғанын дәл сипаттайды.
Көптеген қазақ аңыздары, эпостары, ұлттық ойындары мен салт-дәстүрлері де жылқымен байланысты. Жүйрік аттар жоғары бағаланып, мақтанышқа айналды, олар ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалдырылып отырды.
Бірақ жылқы тек көлік қана емес, адамның айнымас серігі де болды. Яғни, тек пайдасы үшін ғана емес, жан дүниесі үшін де қажет жануар еді. Бүкіл пәлсапа осында жатқан болар.
Бұған дейін Ұлыбританияның ең көне апталық журналы Country Life Ақжан туралы мақала жариялады.
Мәтін: Аружан Дәрібай
Фото: Нұрлан Әлжабаев
Аударған: Дина Шәріпхан

Читайте на сайте


Smi24.net — ежеминутные новости с ежедневным архивом. Только у нас — все главные новости дня без политической цензуры. Абсолютно все точки зрения, трезвая аналитика, цивилизованные споры и обсуждения без взаимных обвинений и оскорблений. Помните, что не у всех точка зрения совпадает с Вашей. Уважайте мнение других, даже если Вы отстаиваете свой взгляд и свою позицию. Мы не навязываем Вам своё видение, мы даём Вам срез событий дня без цензуры и без купюр. Новости, какие они есть —онлайн с поминутным архивом по всем городам и регионам России, Украины, Белоруссии и Абхазии. Smi24.net — живые новости в живом эфире! Быстрый поиск от Smi24.net — это не только возможность первым узнать, но и преимущество сообщить срочные новости мгновенно на любом языке мира и быть услышанным тут же. В любую минуту Вы можете добавить свою новость - здесь.




Новости от наших партнёров в Вашем городе

Ria.city
Музыкальные новости
Новости России
Экология в России и мире
Спорт в России и мире
Moscow.media










Топ новостей на этот час

Rss.plus