Almaty SuperSki жобасының операторы курорт құрылысы аймағындағы Қызыл кітапқа енген өсімдіктерге қатысты мәлімдеме жасады
Көкжайлау алқабы мен оған іргелес аумақта анықталған Қызыл кітапқа енген өсімдіктер Almaty SuperSki тау курортының құрылысына бөлінген учаскелерден тыс жерде орналасқан. Бұл туралы Kazakh Tourism Development Ltd ЖК зерттеу нәтижелеріне сілтеме жасап мәлімдеді.
Жобаның кураторы саналатын компанияның ақпаратынша, ғалымдар өсімдіктерді көктем, жаз және күзде зерттеген. Мамандар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктердің алты түрін тапты.
"Біз егжей-тегжейлі далалық зерттеу жүргіздік. Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің алты түрін анықтадық. Олардың барлығы Almaty SuperSki негізгі құрылыс аймағынан тыс жерде орналасқанын атап өту маңызды", – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ботаника және агроэкология кафедрасының профессоры Нұрсұлу Ахтаева.
Оның айтуынша, олардың арасындағы жалғыз ағаш түрі – Сиверс алмасы. Сондай-ақ Виттрок рауғашы, қызғылт сары қышабас, аралық сәлдегүл, Островский қызғалдағы және Альберт құртқашашы табылды.
Kazakh Tourism Development ЖК деректері бойынша, болашақ курортқа іргелес аумақта мамандар 13 Сиверс алмасын тапқан: оның оны төменгі жағында, үшеуі беткейдің жоғарғы бөлігінде өсіп тұр. Ағаштар тексеріліп, белгілер қойылды, олардың координаттары картаға түсірілді.
Нұрсұлу Ахтаева. Фотоны Kazakh Tourism Development Ltd ЖШК ұсынған
"Құрылыс бұл ағаштарға ешқандай әсер етпейді. Олар қайта отырғызылмайды, кесілмейді", – деді Kazakh Tourism Development Ltd ЖК бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев.
Сондай-ақ ол "Казгипролесхоз-KZ" ЖШС, ұлттық парк қызметкерлері және ҚазҰУ ғалымдары аумақты бір-бірінен тәуелсіз зерттегенін атап өтті. Нәтижелер Қызыл кітапқа енген ағаштар құрылыс аймағына да, жер жұмыстары жүретін учаскелерге де, аспалы жол желілері астына да түспейтінін көрсетті.
Ал ұлттық парк өкілдері құрылыс барысында басқа ағаштардың бір бөлігін алып тастау қажет болатынын нақтылады. Сөз осы аумақта бұрын отырғызылған шыршалар мен қарағайлар туралы болып отыр. Ағаштардың нақты саны тексеру жұмыстары аяқталып, рұқсат құжаттары рәсімделгеннен кейін анықталады.
Еркінбаевтың айтуынша, өтемі ретінде ағаш отырғызу жұмыстарын кем дегенде бірге бес, тіпті бірге он қатынасында жүргізу жоспарланған. Күзде екі мыңға жуық жас ағаш, соның ішінде Сиверс алмасы, кәдімгі өрік және Тянь-Шань шыршасын отырғызу көзделген.
Ержан Еркінбаев. Фотоны Kazakh Tourism Development Ltd ЖШК ұсынған
Компания басшылығының мәлімдеуі бойынша, курорттың коммерциялық бөлігін 20 гектардан аспайтын алқапқа орналастыру жоспарланған. Жобалаушылар ағаш кесу көлемін азайту үшін нысандардың орналасуын түзетуді жалғастырып жатыр.
Жобаның жалпы аумағы 1022 гектар. Құрылыс бастамашысының мәліметінше, бұл жер Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрамынан шығарылмаған. Жер ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін сақтап қалады. Мұнда коттедж салуға тыйым салынған, ал жұмыс барысын ұлттық парк қызметкерлері қадағалайды.