“Ұстанымымыз берік“: Николас Мадуро Америка түрмесінен немерелеріне суреттер жіберді
Мадуро АҚШ әскерлері қолға түсірген сәттен бері Нью-Йорк түрмесінде отыр.
"Мен бұл фотосуреттерді барлық немереме, ұлдар мен қыздарға, сондай-ақ бізді жақсы көретін барлық ізгі ниетті жандарға шағын сыйлық ретінде жіберемін. Біздің ұстанымымыз берік екенін және жүрегіміз сіздердің махаббаттарыңызға толы екенін білгендеріңізді қалаймын", - деп жазды ол Telegram мессенджерінде.
Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес қаңтар айында АҚШ-тың Каракастағы әскери операциясы кезінде ұсталған болатын. Олар Нью-Йорктің Бруклин түрмесінде есірткі саудасы және атыс қаруын заңсыз сақтады деген айыппен қамауда отыр, алайда олар бұл айыптарды жоққа шығарады.
Екі фотосуретте де Мадуро сұр спорттық костюм киіп, қолымен бейбітшілік белгісін көрсетіп тұр. Оның қамауға алынғаннан бері арықтағаны байқалады.
CBS News ақпаратынша, фотосуреттер жексенбі күні пайда болды, ал камера деректері олардың 25 маусымда түсірілгенін көрсетеді. Бұл Венесуэланың солтүстігінде 6500-ден астам адамның өмірін қиып, жаппай қирауға әкелген екі жойқын жер сілкінісінен кейінгі күн болатын.
"Біз мықты, сабырлы әрі сенімді болып қала береміз. Құдай бізбен бірге. Құдай бізге жар болады. Венесуэла қайта жаңғырады", - деп түйіндеді Мадуро.
Бұл хабарлама оның мұрагері, уақытша президент Делси Родригес Америка Құрама Штаттарына Венесуэланың мұнай кен орындарын игеруге мүмкіндік беретін "тарихи" мұнай келісімін жариялағаннан кейін екі күн өткен соң жарияланды.
Жұма күні президент Трамп бұл мәміле Құрама Штаттарға Венесуэланың 60 миллиард баррельден астам дәлелденген мұнай қорының бақылау пакетін беретінін мәлімдеді. Кейінірек Трамп Венесуэла мұнайы Американың стратегиялық қорын толықтыратынын айтты.
CBS News телеарнасының хабарлауынша, Мадуроның түрмеде газет оқуға және интернетке кіруге мүмкіндігі жоқ, бірақ бұрынғы лидерге жақын дереккөздің айтуынша, оған отбасымен және адвокаттарымен айына шамамен 300 минут телефонмен сөйлесуге рұқсат етілген. Бұл ретте әр қоңыраудың максималды ұзақтығы 15 минуттан аспауы тиіс.
Оның ұлы Николас Мадуро Герра әкесінің денсаулығы жақсы екенін және уақытын Інжілді зерттеуге арнайтынын айтады.
Николас Мадуро бұған дейін де 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай өз елінің тұрғындарына ерекше үндеу жолдаған болатын. Мадуроның бұл жолдауын әлеуметтік желіде оның ұлы жариялады. Онда Венесуэла президенті отандастарын "тауларды қозғалтуға" көмектесетін сенімді сақтауға шақырып, елдің қиындықтарды жеңетініне уәде берген еді.
Мадуро мен оның әйеліне қатысты Нью-Йорктегі сот процесі 2027 жылғы 1 маусымда басталуы мүмкін. Бұл туралы шілде соңында Нью-Йорктің федералды соты хабарлады. Екеуі де өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеді. Егер алқабилер оларды АҚШ-қа кокаин жеткізу мақсатындағы қастандыққа қатысы бар деп тапса, олар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.