Еуропа Арменияның ЕО-ға мүшелікке өтінім беру жоспарына қатысты пікір білдірді
Еурокомиссия (ЕК) өкілі Маркус Ламмерт Армения билігінің Еуропалық Одаққа мүшелікке өтінім беру жоспарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Armenia Today басылымына сілтеме жасап.
"Армения ЕО-ға бұрын-соңды болмағандай жақын", - деді еурошенеунік Ереванда Армения-ЕО саммитінің сәтті өткенін, сондай-ақ тараптар арасындағы "өте жақсы ынтымақтастықты" атап өтіп.
ЕК өкілі Армения парламентінің елдің Еуроодаққа кіруі туралы заң қабылдауын "маңызды символикалық қадам" деп атады. Ламмерттің айтуынша, осы арқылы Ереван ЕО-ға қарай алғашқы қадамын жасады.
"Әрине, ЕО-ға мүше болу нақты айқын және еңбегіне қарай бағаланатын процесті көздейді. Бұл үшін үміткер елден ресми өтінім қажет. Біз қазірдің өзінде Арменияны ЕО-мен жақындастыру бағытында, мысалы, көлік байланыстарын, сауданы және басқа да көптеген саланы дамыту арқылы жұмыс істеп жатырмыз", - деді Ламмерт.
Жақында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереван жақын арада ЕО-ға мүшелікке ресми өтінім беруге дайындық процесін бастауы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, референдум өтінім беріліп, Еуроодақтың жауабы алынғаннан кейін және жол картасы пайда болған соң өткізілуі тиіс.
Мамыр соңында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары бірлескен мәлімдеме жасап, Ереванды Еуропалық Одаққа кіру немесе ЕАЭО мүшелігін сақтап қалу мәселесі бойынша референдум өткізу арқылы сыртқы экономикалық бағытын айқындауға шақырған болатын.
25 маусымда Пашинян егер ЕАЭО елдері мүше мемлекеттердің біріне қарсы шешім қабылдай алатын болса, бұл бірлестіктің "өзін-өзі таратуы" дегенді білдіретінін айтты.