Шымкентте әйелге қышқыл шашқан: іс қай бап бойынша тергеліп жатыр?
Шымкентте бұрынғы күйеуі қышқыл шашқан әйелге жасалған шабуыл ісі қандай бап бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.Қалалық полиция департаменті қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 107-бабы – "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" бойынша тергеліп жатқанын хабарлады.
"Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жүргізілген шаралардың нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі", – деп хабарлады полиция.
Бұған дейін құқық қорғау органдары іс қай бап бойынша тергеліп жатқанын нақтыламаған болатын.
Күдікті қандай жазаға тартылуы мүмкін?
Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін күдіктіге мынадай жаза қолданылуы мүмкін:
1000 АЕК-ке дейін (2026 жылы 4 325 000 теңге) айыппұл;600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар;немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру.
Егер қылмыс ауырлататын мән-жайда жасалса, үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазасы қолданылуы мүмкін.
Бұл келесі жағдайларда жасалған қылмыстарға қатысты:
екі немесе одан да көп адамға қатысты;ерекше қатыгездікпен, сондай-ақ дәрменсіз күйдегі немесе кінәлі адамға материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты;алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен немесе қылмыстық топпен;бұзақылық ниетпен;әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;бірнеше рет жасалса;көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты;адамға немесе оның жақындарына оның қызметіне, кәсіби немесе қоғамдық парызын орындауына байланысты.
Полиция шабуыл 107-баптың қай бөлігі бойынша тергеліп жатқанын нақтыламады.
"Бұта арасынан шығып, бас салып, қышқыл шашты"
Шабуыл 2 тамызда Шымкентте жасалған. Полицияның мәліметінше, бұрынғы күйеуі әйелді кездесуге алдап шақырып, үстіне қышқыл шашып, қашып кеткен.
Күдікті сол күні Алматыдан табылып, ұсталды.
"НеМолчиKZ" қорының мәліметінше, ерлі-зайыпты шамамен бес жыл бұрын ажырасқан. Кейін әйел алимент өндіруге арыз берген. Қоғам белсенділері бұрынғы күйеуі алименттен бас тартуды талап етіп, оған қоқан-лоққы көрсеткенін айтады.
Шабуыл жасалар алдында сұлулық салонында істейтін әйелге жаңа нөмірден клиент атынан хабарлама келіп, оны кешкі уақытта қабылдауды сұраған. Қор өкілдері бұрынғы күйеуі осылайша оны кездесуге алдап шығарған деп есептейді.
"НеМолчиKZ" ақпараты бойынша, ер адам әйелді аңдып тұрып, үстіне қышқыл шашқан. Олардың мәліметінше, жәбірленушінің беті, мойны, қолы, кеудесі, арқасы мен иығы күйіп қалған. Зардап шеккен әйелге бірнеше ота жасалып, терісін ауыстыру қажет болуы мүмкін.Қоғам белсенділері істі "адам өлтіруге оқталу" бабына қайта саралау қажет деп санайды.
Тағы оқыңыз: Шымкентте ер адам алимент үшін бұрынғы әйеліне қышқыл шашып жіберген