Қазақстандық әйел TikTok-та 25 мың теңге “пайда таппақ“ болғаны үшін 2,5 жылға сотталды
Жамбыл облысында сот ақпараттық жүйені пайдалана отырып алаяқтық жасады деп айыпталған қазақстандық әйелге қатысты үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме сілтеме жасап.
Сот не анықтады?
2026 жылдың сәуірінде сотталушы TikTok әлеуметтік желісінде өзін сатушы ретінде таныстырып, жиһаз сату туралы хабарландыру жариялаған. Оған акция бойынша 60 мың теңгеге ұсынылған диванға қызығушылық танытқан жәбірленуші хабарласқан.
"Диван үшін алдын ала төлем жасау сылтауымен сотталушы сатып алушыны біреудің шотына 25 мың теңге аударуға көндірген. Ақшаны алғаннан кейін сатушы байланысын үзген. Алданғанын түсінген әйел полицияға жүгінген", - деп хабарлады сот.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді және келтірілген шығынды ерікті түрде өтеді. Сонымен қатар, оның кінәсі тараптар мен куәгерлердің айғақтары, банк чектері және үзінді көшірмелермен, сондай-ақ істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Прокурор сотталушыға 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Қандай үкім шықты?
Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің санкциясы 4000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (2026 жылы 17 300 000 теңге) айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сот кінәсін мойындауды, өкінуді және зиянды өтеуді жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сонымен қатар, сот сотталушының бұған дейін де алаяқтық үшін бірнеше рет қылмыстық жауаптылыққа тартылғанын және жазасын өтеу кезеңінде тиісті қорытынды шығармай, жаңа ұқсас қылмыс жасағанын ескерді.
Сот оны кінәлі деп танып, үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.