Бақытты Жамал
І
Іле өзенінің оң жағындағы орқаш-орқаш тауларды қақ жарып кең жол шығысқа қарай қасқиып жатыр. Бұл жолды Киріп жолы дейді. Жол бір жерлерде адыр-адыр асуларды, жықпыл-жықпыл жыраларды, шың-шың сайларды қақ жарса, бір жерде таудың жазық төсін тіліп, теңіздей кең даланы кесіп өтеді.
Осы кең жолдың жиегімен қыбырлай басып бір жаяу жолаушы келеді. Түр-тұрпаты ұзақ жол жүріп, көп бейнет көрген кісі сияқты. Әбден шаршаған, тұлғасы шайқалады, басы былғақтайды, аяғы шалысып, әзер ғана адымдайды. Үсті-басы шаң, көшкен елдің жұртындағы күліне түнеп шыққан бұралқы ит сықылды, жағы қураған, көзі суалған, бет-аузын ыстық түтетіп, шаң-топырақ басып, самайдан сорғалаған тозаңмен баттасып, жарық ерні кеберсіп кеткен....