Ресей билігі пандемия басталғаннан бері коронавирус инфекциясының жаңа түрінен болатын өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткішін бесінші күн қатарынан тіркеді. Елде бір күнде осындай диагнозы бар 697 адам қайтыс болған. Аурудың таралуына қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың статистикасы бойынша жаңадан анықталған инфекция жайттарының саны да ең жоғары деңгейде қалып отыр.
Бір тәулік ішінде инфекцияның 24 439 жайты анықталды. 17 899 адам сауығып кетті. Ауруы бары белгілі науқастар саны өсуде - 395 120 науқас дәрігерлердің бақылау тізімінде тұр, бұл көрсеткіш маусым айының басынан бастап тоқтаусыз өсіп келеді.
Пандемия басталғаннан бері билік науқастанудың 5 585 799 жайты
тіркелгені туралы хабарлады және коронавирустың жаңа түрінен 137 262 адамның қайтыс болғанын мойындады. Алайда демографтар мен денсаулық сақтау мамандары бұл болжалды бағалауға сын айтып отыр. Жоғары лауазымды шенеуніктер шындығында науқастар санының бұдан бірнеше есе артық болуы мүмкін екенін мойындаған еді. Росстат статистикасына сүйене отырып, демографтар C OVID-19-дан болған өлім-жітімді 2021 жылдың мамырында-ақ (билік дерегінен) үш есе жоғары деп бағалады.
Жарты жыл бұрын Ресей билігі пандемияға қарсы күресте жеңіске жеттік деп мәлімдесе, президент Владимир Путин былтыр маусымда билік ресейліктерді аурудан сақтай алды деген болатын. Ресей - 2020 жылдың тамызында - әлемде бірінші болып коронавирустың жаңа түріне қарсы вакцинаны тіркеді.
Алайда, вакцинация науқаны сәтсіздікке ұшырады, елдегі иммундалған азаматтардың саны пайызбен алғанда Батыс елдерімен салыстырғанда бірнеше есе аз. Бұл аурудың жаңа - соның ішінде жұғу қатері күштірек және ағзаға қауіпті инфекциялы - штамдарының тарауына жол ашады.
Бұл ауруханаға жатқызу, соның ішінде ауыр халдегі науқастарды, жайты санының көбеюіне әкеледі. Ресей астанасының коронавируспен күрес жөніндегі жедел штабының мәліметтеріне қарағанда, тек бір ғана Мәскеуде соңғы екі аптада өкпені жасанды жолмен желдету жабдығы бар бөлімшелерде емделіп жатқан COVID-19 пациенттерінің саны бір жарым есеге артқан. Билік халықтың бір бөлігін мәжбүрлі вакцинациялауды енгізіп, металлургиялық компаниялардан ауруханаларға оттек сұрап
жатыр, тіпті Словакиядан ол елде қолданылмаған "Спутник" вакциналарын қайтадан кері сатып алып жатыр.