Қытай көліктерге қатысты жаңа талап ұсынып жатыр: не өзгеруі мүмкін?
Қытайда заманауи автокөліктерді басқару тәсілін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Ел билігі бірқатар маңызды функцияға қатысты өндірушілерді физикалық батырмаларды қайтаруға міндеттейтін жаңа ұлттық стандарт дайындады, деп хабарлайды Tengri Auto.
Батырма панельге қайтарылады
Құжатты ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі әзірлеген. Егер ол қабылданса, өзгерістер қытайлық брендтерге ғана емес, жергілікті нарықта көлік сататын шетелдік автоөндірушілерге де әсер етеді.
Стандарт жобасына сәйкес, жеңіл және коммерциялық автокөліктер негізгі жүйелерді басқаруда енді толықтай сенсорлық экранға сүйене алмайды.
Атап айтқанда, апаттық дабылды, алыс жарықты, тұманға қарсы шамдарды, әйнек тазалағыштар мен жуғыштарды, сондай-ақ әйнектерді жылыту және үрлеу жүйелерін қосу үшін бөлек физикалық батырмалар, ауыстырып-қосқыштар немесе реттегіштер болуы тиіс.
Бұл ретте жүргізуші жолдан назарын аудармай-ақ қажетті басқару элементін сипап таба алуы керек. Сондықтан құжатта батырмалардың болуы ғана емес, олардың өлшемі мен пішініне қатысты талаптар да жазылған.
Әрбір батырманың ауданы кемінде 10-да 10 миллиметрді болуы тиіс, ал элементтердің өзі бедерімен немесе басқа да тактильді белгілерімен ерекшеленуі керек.
Өзгерістер қашан күшіне енеді?
Сыртқы жарықтандыруды автоматты түрде басқару үшін ғана ерекшелік жасалады. Егер автомобиль қозғалтқышты іске қосқаннан кейін әдепкі бойынша жарықты автоматты түрде қосатын болса, өндіруші виртуалды батырманы қалдыра алады. Алайда ол қосымша мәзірді ашу қажеттілігінсіз негізгі экранда орналасуы тиіс.
Егер стандарт бекітілсе, 2027 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді. Жаңа модельдер үшін талаптар осы күннен кейін 13 ай өткен соң міндетті болады, ал қазір шығарылып жатқан автокөліктерге 19 айға созылатын өтпелі кезең беріледі.
Еске сала кетейік, бұл автокөлік жасау саласындағы түзетулердің бірінші толқыны емес. Бұған дейін Қытайда заманауи электрмобильдерде "zero-gravity" орындықтарының танымалдылығы артуына байланысты автокөлік орындықтарына қойылатын талаптарды күшейту туралы шешім қабылданған болатын.
Сондай-ақ өзгерістер "жасырын есік тұтқаларына" қатысты болды, осылайша 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қытайлық автоөндірушілер есік тұтқаларына қатысты міндетті стандартты сақтауы тиіс.
Ережеге сәйкес, барлық жеңіл және жеңіл коммерциялық автокөліктер электронды жүйелердің істен шығуы мен апаттарды қоса алғанда, төтенше жағдайларда ашылатын механикалық тұтқалармен жабдықталуы тиіс.
Тағы оқыңыз: Бір жарым есеге өскен: Қазақстандағы электрмобильдер ең көп өңірлер аталды