Ақмола облыстық соты Атбасар түрмесіндегі азаптау ісін басқа баппен қарауға аудандық сотқа жіберді
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі соты бұған дейін "Азаптау" бабымен сотқа тартылып, ақталған Атбасар түрмесінің бұрынғы 12 қызметкерінің ісін қайта қарауға Атбасар аудандық сотына жіберуді сұраған прокурордың өтінішін орындады. Бұл жөнінде облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
"Басты сот талқылауы барысында прокурор 12 айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 362-бабының 1-бөлігі ("билікті немесе лауазымды өкілеттіктерін асыра пайдалану") бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген жаңа айыптау актісін ұсынды және істі соттылығы бойынша Атбасар аудандық сотына жолдау туралы өтініш білдірді", делінген ақпаратта.
Сонымен бірге, аталған бапта қарастырылған құқық бұзу әрекеті ауырлығы орташа қылмысқа жататыны және алқабилердің қатысуымен қаралатын істер санатына кірмейтіні айтылған. Сот қаулысы заңды күшіне әлі енген жоқ.
Биыл наурыз айында осы іс бойынша апелляцияны қараған Ақмола облыстық сот алқасы істі қараудың процесстік қағидалары бұзылғаны анықталғандықтан, азаптау айыбы тағылған 12 адамды ақтау туралы алдыңғы алқабилер соты шығарған үкімнің күші жойылып, іс аудандық сотқа, басқа құрамда жаңадан қарауға жолданды деп хабарлаған.
2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған. Қоғамда резонанс туғызған оқиғаға байланысты, ондаған жәбірленушінің арызы бойынша, түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, 2024 жылғы шілдеде алқабилердің қарауымен сот процесі басталған.Сотта куәлік берген Дәнебаев түрме қызметкерлері өзін есінен танғанша қатты ұрып-соққанын мәлімдеген. Айыпталушылар болса түрменің ішкі ережесіне бағынбай, қарсылық көрсеткендерге заңда рұқсат етілген арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заңды бұзбағанын айтқан.2025 жылы ақпанда алқабилер қатысуымен өткен бірінші инстанциядағы сот түрме қызметкерлерін ақтап, құқық қорғаушылар мен белсенділер бұған наразы болған.Прокуратура бірінші инстанцияда шыққан үкімге келіспей, оны апелляцияға берген. 2025 жылы сәуірде Ақмола облыстық соты айыпталушыларды ақтаған үкімнің күшін жойып, істі бірінші инстанцияға қайтарған. Бірақ былтыр желтоқсанда алқабилер соты 12 қызметкерді қайта ақтағаны белгілі болған еді.Тимур Дәнебаев 2025 жылы қыркүйекте бостандыққа шыққан.