Microsoft ресейлік хакерлердің белсенділігін байқаған
Associated Pressтің жазуынша, Кремльмен байланысы бар хакерлер АҚШ-тың екі консервативтік зерттеу орталығы - Гудзон институты мен Халықаралық республикалық институты ресурстарын жамылып, жалған интернет-домен жасаған. Тағы үш доменді АҚШ Сенатына тиесілі етіп көрсеткен.
Microsoft президенті және бас заңгері Брэд Смит америкалық қолданушылар әзірге бұл сайттарға әлі кіре қоймағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, ресейлік хакерлердің бұл жолғы шабуылы 2016 жылы өткен сайлаудағыдай бір ғана саяси күшке жәрдемдесу емес, "тұтас демократияға нұқсан келтіруді" көздейді.
Microsoft мәліметінше операцияға Strontium, кейде Fancy Bear немесе APT28 деп аталатын топ жауапты. Аталған құрылымды бұған дейін арнайы прокурор Роберт Мюллер де өзінің айыптау актісінде атап көрсеткен.