Жазушылық неден, қайдан басталады?
«Балдырған» журналы осы сұрақты менің алдыма қойғанша, бұл жайлы ойланған жоқ едім. Кім де болса бір күнде жазушы болмайды. Жүре келе, жетісіп толыса келе, жазушы болады. Бұл қалам ұстаған адамның тіршілік кәсібі, өмір мақсаты.
Әйтсе де, менің алғаш қалам ұстап өлең жазған күнім есімде қалыпты. Соғыстан үш-төрт жыл бұрын Ақтөбе облысының Қарабұтақ деген қиян шеттегі бір ауданында бесінші класта оқып жүргенмін. Интернатта жатамын. Ол тұс елдің жұпынылау кезі болатын. Аудан орталығы да шағын. Біздің жатақханамыз да саманнан салған шағын үй. Едені жер, терезелері кішкене. Күз айының күңгірт кешінде, күңгірт бөлмеде кітап оқып отыр едім. Талшыбықтай сидаң,...