Мықты ақынға алдымен сөз ереді. Ол сөз көбіне-көп жусаң кетпейтін, жайсаң кеппейтін майлы күйедей қап-қара жалалы, бәлелі боп келеді. Жоқ нәрсені бар етіп бадырайтып қояды. Сыпсыңдап адымын аштырмайды. Тіміскілеп артынан қалмайды.
Ол сөздер тек күйе боп жабысып қана қоймайды, бірде басын жарып, көзін шығаратындай сойыл мен шоқпарға, енді бірде шынжырын үзіп кетердей абалап ұмтылған қызғаныштың құтырған қызыл итіне айналады. Ол сойыл мен шоқпар ала жүгіретіндердің шаң-шұң айқайына айқай үстеп, бір сілтеуден қалмай бырт етіп сынып түсетін кепкен шыбық сермейтіндер де, ол қызғаныштың қызыл итіне өздерінің шаптығып шәуілдейтін қанденін қосатындар да табыла кетеді. Бетін шымшып жып-жып ететін өсектері мен құлақ сарсылтар...