Бұлтық-бұрылыстары да, кедір-бұдыры да, асу-белі де көп мына өмірдің біршама кезеңін бірге өткізген Сәкеңнің, Сайымжан ағамның ең жиі қолданатын мәтелдерінің бірі “Жақтырмасаң — қойыңды бақтырма” еді. Ол бұл сөздерді шамырқанып шарт кеткенде айтатын. Ал оның шамырқанып шарт кететін тұстары жиі боп тұратын Міне, дәл осы мәтелде оның бүкіл мінезі, бүкіл болмысы, тіпті бүкіл өмірлік принципі жататын деуге болады. Ол біреуге жағыну дегенді, біреудің көңілінен шыға қою дегенді, біреудің қас-қабағына қарай қояйын дегенді, біреудің көзіне түсе қояйын дегенді білмей өтті. Кіммен болса да — мейлі ол өзінен кіші болсын, мейлі ол өзінен үлкен болсын — лауызымына да, атақ — даңқына да...