Қыз ұзатып көрген жоқпын. Бірақ сол сәтті өз басым өте бір астаң-кестең алақұйын сезімді бастан өткерер, көңіл босатар ерекше оқиға деп білем. Өйткені кішкентай кезімде әпкелерім (негізі біздің жақта «әпеке» дейді) ұзатылғанда көргендерім, сезінгендерім жанымның терең түкпірінде сол қалпы сақталып қалыпты. Көңіл айнасының шаңын бір сүртсем, бәрі де бала күнімдегідей жарқырап көз алдыма келе қалады. Білмекке ықыласты болсаңыз, баяндап көрейін.
Құдалық, одан кейінгі жол-жоралғылар өз алдына бөлек әңгіме ғой, мен тек ұзатылу жайына ғана тоқталайын.
Ең үлкен әпкемді ұзатардан бір ай бұрын бүкіл туыс үйіне шақырды. «Қыз — қонақ» деген сол ғой. Қасына екі-үш құрбысын ертіп, сән-салтанатымен әлгі үйлердің бәріне...