Ащы қоңырау қысқа зың ете қалды. Жеңіл басып келіп кілтке қолын созған ол сәл кідіріп, "Кім бұл?" деп сұрады да жауап күтпестен есікті аша салды. Оналты-он жеті шамасындағы ұзын бойлы сары бозбала.
— Сәлеметсіз бе, — дейді.
— Сәлем. Кел, кір.
Түпкі бөлмеге өткен келіншек орамал, қайшы, тарақ алып келді.
— Мында отыр. Қалай кесеміз?
— Қысқа. Арт жағынан келіп айнаға ойлана қадалған ол ернін тістеді.
— Жейдеңді шеш.
Орнынан тұрып көнбіс кейіппен шешіне бастаған бозбалаға қарап, "егер мен еркек ол кішкентай қыз болса, шешінбес еді" деп ойлады. "Қыз бала он жастан кейін әйел, ал бұлар жиырмаға келсе де сәби"....