Молдалар бал аштыру күнә дейді. Солай да шығар... Желіккен жас қыздар болмаса, ақыл тоқтатқан адам жетіскеннен бал аштыра ма? Әдетте балгерге маңдайын тасқа соғып, тауы шағылып жүргендер мен тұйықтан шығар жол таба алмай пұшайман болғандар барады. Қырықтың қырқасынан асқанда құмалақшыға барамын деген ой Қалибектің қаперіне кірмеген. Енді міне, құмалақ аштыруға келгендердің шұбатылған кезегінде бұл да тұр.
Дардай азаматты құмалақшыға жүгінуге көндірген көрші кабинетте отыратын Күмісай деген келіншек еді. Бірнеше күн бұрынғы әңгіме арасында Қалибек оған:
— Бір жаңа жобаны қолға алып едім. Нәтижесі қалай болар екен деп алаңдап жүрмін, — деген. Сол-ақ екен, қаншырдай қатқан қарасұр келіншек алақанын ысқылап, кірісіп...