«Көш түзу болсын» айтуға келгендер, ауылдың игі жақсылары: шаруашылықтың директоры, парторг, ауылдық кеңес төрағасы, гараж бастығы, тағысын тағылар Зейілбектің жолашарға деп арнап сойған семіз марқасының етін жеп, арағын ішіп, дастарқан жиналған соң, бәрі бір кісідей өре түрегеліп кетуге бет бұрды. Шетінен ел көріп, жұрт таныған сұңғыла шіркіндер, кетерлерінде қызмет дәрежесіне қарай кезекпен сөз сөйлеп, Зейілбектің барған жерінде абыройлы болуына тілек білдіріп, пендеге бітер мал мен бақтың бәрін бір соның басына үйіп-төгіп тастады. «Жігерлі» мен «Боқтының» арасы деген не тәйірі, жүз елу-ақ шақырым, осы тұрған тайлы-таяғымызбен тегіс көтеріліп, жол шығарып салуға болар еді, әттең, науқан кезі, бастан асқан жұмыс бар. Жеп...