Елінің сорпаға шығары атанған қыңыр мінезді Балғабай болыс алты қатын алып, бірақ солардың бірде-бірінен бала сүймепті. Қазаны майлы, төсегі жайлы, төрт түлігі сайлы Топай бай алпысты алқымдағанына қарамай, ат сабылтып қалындық іздей бастайды. «Ел құлағы елу» дегендей, жасынан әнші атанған Балкүмістің даңқын естіген бай оған көз салады.
Қыз ауылын маңайлап, үй тіктіріп, ақ дастархан жайып тастайды да:
— Ақ дидарын көрсетіп, әсем әнін естіртсін, — деп бай бір жігітті Балкүміске жібереді. Құрбы қыздарын ертіп табалдырықтан аттай берген Балкүмісті Балғабай қарсы алып:
— Балкүміс, іздеп келдім сені алыстан,
Қырандай ұясына қонған-ұшқан.
Жасатам күміс ошақ, алтын кесе,
Жар болсаң жақсылыққа қол алысқан,...