Со бір заманда ұлы жүзде дүйім ел бас қосқан бір байдың асы болыпты. Қазықұрт тауын мекендейтін үйсін Төле бидің басқаруымен екі ай бұрын сауын айтылған осы асқа Арқадағы арғындардың да небір игі жақсылары күндей күркіреп, артынып, тартынып, зор салтанатпен барған екен. Думан тойдан аты шауып, балуаны жығып, жамбысы атылып, асы ішіліп, енді тартқар кезде ақбоз үйлер сыртында шартпа-шұрт қырғын төбелес болып қалады.
Оқиға былай: Үйсіннің сиқым, жаныс дейтін екі руының беделді бір мырзасы асқа келген арғын жігітінің жаппай ақкүміс ер-тұрманына қызығып, көптің көзінше аттан аударып, тартып алады. «Жаптым бәле, жақтым күйе» деп даусауған іргелі ел сөз тыңдар, теңдік берер емес....