Әр сарбаз кемі 5 кітаптан оқиды
Әскердегі сарбаздарға қойылатын талап өзгерді. Енді әрбір жауынгер кемі бес кітап оқуы керек. Қазақстан Қарулы күштері азаматтық борышын өтеп жатқан жігіттерге осындай міндет қойды.
Ведомствоның дерегінше, әскери бөлімшелерде бүгінде 322 кітапхана бар, оның қорында 52 мыңнан астам оқулық сақталған. Көбі отандық авторлардың, әскери жазушылар мен ғалымдардың еңбегі. Жалпы қор қайырымдылық акциясы аясында, демеушілердің қолдауымен жыл сайын толықтырылып отырады.
ОКСАНА ӘЛЖАНОВА, ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ӘСКЕРИ-ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бізге Астана мен Алматы қалаларының кітапханалары кітаптар жіберіп тұрады. Сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университеті де көп көмек көрсетіп отыр. Көп қолға түсе бермейтін, 1949 жылы басылған Жамбыл Жабаевтың туындылары, Бауыржан Момышұлының 30 томдық кітабын атамыздың келіні Зейнеп Ахметова табыстады.
Сарбаздарға қойылған жаңа талап Қазақстан Қарулы күштері 23 сәуір – «Кітап күніне» орай енгізілген. Бұл әскерилерді рухани өсіріп, тілдік қорын арттырып, жан-жақты қарым-қатынас құруға көмектеседі дейді ұйымдастырушылар.
НҰРДОС АЙТМҰХАМЕТОВ, ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ВЗВОДЫНЫҢ САРБАЗЫ:
Ұлттық әскери-патриоттық орталығында кітапханамыз бар, кітаптары жақсы. Кеше бір кітап алдым. Өзіме жалпы ұнайтын кітаптар — приключение, детектив. Қазіргі сәтте Мұхтар Шахановтың кітабын оқып жатырмын.
Гүлнәзия Мейірханқызы