ВВС: Құжаттар Навальныйдың "Путин сарайы" жайлы тұжырымдарын растады
ВВС-дің Орыс қызметінің қолына түскен жоба жайлы ішкі құжаттарда осындай мәлімет көрсетілген. Зерттеу авторларының айтуынша, құжаттар мемлекеттің кешенді салуға көп үлес қосқанын көрсетеді және оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың қаңтар айында жариялаған зерттеуінде айтылған тұжырымдарының басым бөлігін растайды. Зерттеуде сарайдың із жүзінде президент Владимир Путинге арналып салынғаны айтылған еді.
Алексей Навальныйдың "Путин сарайы" атты зерттеу фильмі интернетте 19 қаңтарда жарияланған. Сәуірге таман фильм 115 млн рет көрілді. Фильмде Геленджик түбіндегі аумағы 68 гектар болатын Ресей президентіне арналып салынған резиденцияның 2010 жылы бой көтергені айтылады. Оған миллиард доллардан астам қаражат жұмсалған. Кешен аумағында мұз сарайы, аквадискотека, концерт залы, шіркеу, "шәйханамен жалғайтын" 80 метрлік көпір, теңізге апаратын туннель бар. Навальный командасының мәліметінше, сарай офшордағы қаражат есебінен тұрғызылған, офшорға Путин маңындағы кәсіпкерлер ақша құйып, "қайырымдылық" жасаған.
Зерттеуге түсініктеме берген Владимир Путин сарайдың өз атына тіркелмегенін және туыстарына да тиесілі болмағанын айтқан.
Ал бұған жауап берген Навальный командасы Николай Шамалов та, құрылысты басқарған Путиннің жиені Михаил Шеломов та Ресейдің отбасы кодексі бойынша, президенттің жақын туыстары санатына жатпайтынын айтты.
Кейінірек Путин бұрыннан бері танитын кәсіпкер Аркадий Ротенберг "нысанның иесімін" деп мәлімдеді. Ол онда апарт-қонақүй салатынын айтты. Мемлекеттік "Россия-1" арнасы көрсеткен кадрлардан ол жақта жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын көруге болады.