Тәуелсіздік шежіресі: 2003 жыл - Әлемдік дін басшылары алғаш рет Астанада бас қосты
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2003 жыл - Тәуелсіз Қазақстанның әр саладағы дамуы түбегейлі өзгеріп, «Қазақстан‑2030» стратегиясында айқындалған міндеттерді іске асыруға белсенді кірісе бастаған жыл ретінде есте қалды. Расында «алдымен экономика, содан соң саясат» қағидатын ұстанған жас мемлекет аздаған уақыт аралығында экономикалық, саяси реформаларды сәтті жүзеге асыруы арқылы әлемге таныла бастады. Бір сөзбен айтқанда, осы уақытта Қазақстан халқы да, оның дүние пайымы да, даму жолы да өзгерді. Елдің, жердің байлығының арқасында экономика қарыштап өсім көріп, ондай өсім игілігі халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуге бағытталды. Бұл да көреген саясаттың арқасы. Осы жылдан бастап алдағы үш жыл, яғни 2003-2005 «Ауылды қолдау жылдары» ретінде жарияланды.