Қазақстан ЕАЭО пен ЕО арасындағы іс-қимылды жолға қоюға мүдделі - Апталық шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, кейін интеграцияға Армения мен Қырғыз Республикасы кірген болатын. Содан бергі екі жыл ішінде біршама шаралар атқарылды, дегенмен экономикалық интеграциялық одақтың нәтижесіне баға беруге әлі де ертерек. Оның үстіне таза экономикалық мүдделілік шеңберінде құрылған одақтың қызметке кірісуі жаһандық дағдарыспен тұспа-тұс келгені белгілі. Бұған алпауыт елдер арасындағы қайшы санкцияларды қосыңыз. Дегенмен, экономикалық бірлестік қалыптасты, интеграциялық үдеріс тоқтаусыз жүргізілуде. Алда бекітілген жоспарларға сай атқарылатын шаралар да баршылық. Ең бастысы дағдарыс салдарынан туындайтын экономикалық қиындықтар мүше мемлекеттерді ыдыратпай, керісінше, бірлесе әрекеттесуге көбірек итермелейтіні байқалады. Осы аптада Астанада Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғыз мемлекеттері басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп, онда Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланған болатын.