Әкімнің үйі ме, әкесінікі ме? ШҚО-да орталық жылу жүйесіне қосылуға қатысты дау туындады
Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының Самар ауылында орталық жылу жүйесін қалпына келтіру жобасына қатысты дау туындады. Тұрғындар жүйеге бір жеке үйді қосу жоспарланғанына, ал негізінен зейнеткерлер тұратын Колхозная көшесіндегі көпқабатты үй жобаға енбей қалғанына назар аударды. Кейін әлеуметтік желіде жеке үйде ауыл әкімінің әкесі тұрады деген ақпарат тарады. Аудандық әкімдік өкілдері жоба қайта қаралатынын және бұл үй жобаға қалай енгені тексерілетінін айты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Былтыр Шығыс Қазақстандағы Самар ауылында орталық жылыту жүйесін қалпына келтіру жұмыстары басталған. Тұрғындар жылуға қосылуды көптен бері күтіп жүр: қазір екі және үш қабатты үйлердің тұрғындары пәтерлерін пешпен жылытады.
Фото: ШҚО Самар ауданының әкімдігі
Бұл ретте ауыл тұрғындарына қазандықтың қуаты жеке үйлерді қосуға жетпейтіні бірден ескертілген. Ол тек көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға есептелген.
Жақында Самар ауылының бірнеше тұрғыны Самар ауданының әкімі Серік Жеңісовтің қабылдауында болды. Олар мұндай жағдайда құбырлар неге бір жеке үйге тартылып жатыр деп сұрады.
Аудан әкімдігі бұл үйде жергілікті Қоғамдық кеңес мүшелерінің бірі тұратынын түсіндірді. Алайда әлеуметтік желіде әртүрлі болжам айтылды: кейбір қолданушылар орталық жылытуға Самар ауылдық округінің әкімі Марат Дүйісовтің үйі қосылып жатыр десе, басқалары мәселе оның әкесінің үйі туралы болып отырғанын жазды. Бұл хабарламалар желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.
Аудан әкімдігі сәйкессіздік анықталғаннан кейін коммуникация тарту жұмысы тоқтатылғанын хабарлады. Мекеме жеке үй жобалау кезеңінде тізімге енгізілгенін, ал Колхозная көшесіндегі негізінен зейнеткерлер тұратын көпқабатты үй сызбаға кірмей қалғанын түсіндірді. Бұл ретте әкімдік жеке үй ауылдық округ әкіміне немесе оның әкесіне тиесілі деген ақпаратты растаған жоқ.
"Әкімдік жобалық шешімдерді қайта қарау туралы шешім қабылдады: жеке үй иелігін қосу сызбасынан шығарып, орнына Колхозная көшесіндегі көпқабатты үйді қосу қарастырылады", - деп хабарлады Самар ауданының әкімдігі.
Фото: ШҚО Самар ауданының әкімдігі
Қазір жобалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп жатыр. Сонымен қатар жеке үйдің жобаға ену себептерін анықтау мақсатында уәкілетті органдармен бірлесіп қызметтік тергеу жүргізілв үстінде.
"Тергеу нәтижесі бойынша тиісті негіз болған жағдайда, кінәлі лауазымды және өзге де тұлғаларға қатысты белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолдану шаралары қабылданады", - деп толықтырды ШҚО аудандық әкімдігі.
Айта кетейік, 10 қарашадағы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындарының жылу сапасы мен өшірілуіне қатысты шағымдары туралы айтты. Ол өңір әкімдеріне халықтың өтініштеріне жедел ден қоюды тапсырды.
Сондай-ақ Бектенов әкімдерге жылыту маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, азаматтардың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуді, қыс айларындағы жұмысқа авариялық бригадалар мен арнайы техниканы жұмылдыруды тапсырды.