Тоқаевтың Түркияға сапары аяқталды: басты оқиғалар
Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі Анкара әуежайында түсірілген суреттерді жариялады.
30 қазанда Мемлекет басшысын Түркия сауда министрі Омер Болат және басқа да ресми тұлғалар шығарып салды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІНІҢ жарияланым (@ptrk.kz)
Еске сала кетейік, 28 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркияға ресми сапармен барды.
Сол күні екі елдің президенттері әуежай залында аз-кем әңгімелесті.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Тоқаевтың Түркияға сапары аяқталды: Астана мен Анкара не туралы келісті?
Сапар барысында Қазақстан Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөздер жүргізіп, Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитіне қатысты. Назар аударылған негізгі мәселелер - сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестиция, көлік, энергетика және түркі бірлестігі аясындағы өзара іс-қимыл.
Шығын құрамдағы келіссөздер барысында Тоқаев пен Ердоған мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Екі елдің көшбасшылары кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Тоқаев Түркия Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі және ұлттық экономикамызға көлемді қаржы салған басты 10 инвестордың қатарына кіретінін айтты.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Ердоған елдер арасындағы тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізіп, инвестициялық байланыстарды жандандыруға ниетті екенін айтты. Сондай-ақ тараптар көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.
Қазақстан ТМҰ аясында не ұсынды?
Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитінде Тоқаев Қазақстан ТМҰ аясындағы экономикалық ықпалдастық айрықша рөл атқаратынына сенім артатынын айтты. Оның мәліметінше, Қазақстанның ұйымға мүше елдермен алыс-берісі биыл 10 миллиард долларға жуықтап, былтырғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқан.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Президент ұйымның 2027–2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдауға және оны нақты жобаларға бағыттауға шақырды. Ұсыныстар қатарында Түркі инвестициялық қоры мен Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы мүмкіндіктерін барынша пайдалану, сондай-ақ 2027 жылы Қазақстанда іскерлік форум өткізу бар.
Тоқаев көлік саласына жеке тоқталды. Ол Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызын атап өтті: тоғыз айдың ішінде Орта дәліз арқылы жүк тасымалының көлемі 30 пайызға, ал транзиттік тасымал 90 пайызға өскен.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
ТМҰ-ның болашағына қатысты ұстаным
Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұйымды одан әрі дамытуға қатысты ұстанымын да білдірді. Ол ТМҰ әскери альянсқа айналмауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұйымды институционалдық тұрғыдан дамытуға айрықша назар аудару қажет.
“ТМҰ әскери альянсқа айналмауға тиіс“: Тоқаев Қазақстанның ұстанымын айтты
Президент ТМҰ қызметі қазір 60-қа жуық бағытты қамтитынын, бұл ретте кейбір функциялар қайталанатынын айтты. Ол негізгі басымдықтарды айқындап, ұйым жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құруды ұсынды.
Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайға да тоқталып, мұның бәрі жаһан елдерінің, әсіресе, шекаралас түркі мемлекеттерінің сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланысына кері әсерін тигізіп жатқанын айтты. Ол бауырлас елдердің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарау маңыздылығын атап өтті.
Президент Сауд Арабиясына жасалған хуситтердің шабуылына қатысты пікір білдірді
Саммит қорытындысы бойынша Анкара декларациясы қабылданды. ТМҰ-ға төрағалық ету міндеті Әзербайжаннан Түркияға өтті.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Сапар бағдарламасы аясында Президент Тоқаев басқа да көшбасшылармен бірге Анкарадағы "Бештепе" саябағында Түркі әлемі аллеясын ашты.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Аталған алаңда Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінің ұлттық павильондары орналасқан.
Экспозицияларда бауырлас халықтардың ынтымақ-бірлігі мен сан алуан мәдениеті, бай рухани дәстүрі көрініс тапқан. Атап айтқанда, қазақ киіз үйі Ұлы дала рухы мен түркі дүниесінің ортақ тарихи тамырын бейнелейді.
Кейін делегация басшылары түркі әлемі өнер шеберлерінің концертін тамашалады, іс-шара аясында Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген өнер көрсетті.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Aqorda (@akordapress) жариялаған жазба