Семейдегі облыстық сот маңында төтенше жағдай: ер адам қаза тапты
Әлеуметтік желідегі мәліметтерге сүйенсек, ер адам үстіне жанғыш сұйықтық төгіп, өзін-өзі өртеген болуы мүмкін. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Бірінші Семей (@pervyi_semsky) жарияланымы
Жарияланған кадрлардан облыстық сот ғимараты маңында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жүргенін көруге болады.
Tengrinews.kz тілшісі оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды ма және ер адам қандай жағдайда болғанын анықтау үшін денсаулық сақтау басқармасына хабарласты. Ведомство мәліметінше, бригада нормативте белгіленген уақыт ішінде жеткенін, алайда ол кезде ер адам қайтыс болып кеткен.
Оқиғаға қатысты Абай облысының полиция департаменті пікір білдірді.
"30 қазан сағат 17:00 шамасында Семей қаласында ер адам, алдын ала мәліметтер бойынша, өзін-өзі өртеп, қайтыс болды. Қаза табу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", - деп хабарлады ведомство.
Солтүстік Қазақстанда әйел қауіпті әрекеттен кейін ауыр күйік алды
Биыл көктемде Солтүстік Қазақстан облысында 42 жастағы әйел үстіне бензин құйып, өзін-өзі өртеген еді. Төтенше жағдай Аққайың ауданындағы ауылдардың бірінде болды. Жеке үйде әйел үстіне тез тұтанғыш сұйықтық төгіп, от қойған. Жедел жәрдем оны денесінің 80 пайызға жуығын термиялық күйік шалған және ауырсыну шогы жағдайында ауруханаға жеткізді.