Зерендідегі халықаралық марафонға 11 елден спортшылар қатысты
Жарыс бағыты Зеренді көлін айнала өтетін асфальт жолдармен, орман мен қыраттардың арасымен жалғасты. World Athletics талаптарына сай сертификатталған трасса қатысушыларға спортпен қатар, өңірдің көркем табиғатын тамашалауға мүмкіндік берді.
Марафон бағдарламасына алты түрлі қашықтық енгізілді. Оның ішінде балалар старты, 21,1 шақырымдық жартылай марафон, 30 шақырымдық Hills және скандинавиялық жүріске арналған Nordic Walk бағыты бар.
"Облыста бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы бір жылда 50-ден астам балалар спорт алаңы және 13 ірі спорт нысаны салынды. Оның жетеуі ауылдық жерлерде орналасқан", - деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.
10 шақырымдық қашықтықта Астанадан келген Ерлан Тайтлеуов жеңімпаз атанды. Оның айтуынша, бастапқы мақсаты үздік бестікке кіру болған.
"Мәреге жақындағанда қарқын қосып, бірінші болып келдім. Осындай көрікті жерде жүгіру - екі есе ләззат", - деді спортшы.
Айта кетейік, Зеренді марафонына қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Биылғы жарыстың ең жас қатысушысы алты жаста болса, ең егде спортшы 77 жаста болды.