Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарай зымыран ұшырды
Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарай баллистикалық зымыран ұшырды. Оңтүстік Корея әскерилерінің мәліметінше, зымыран 700 шақырымнан астам қашыққа ұшқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Оңтүстік Кореяның штаб бастықтарының біріккен комитеті зымыранның жергілікті уақыт бойынша сағат 06:30 шамасында ұшырылғанын хабарлады.
"Біздің әскерилер Вонсан ауданынан Шығыс теңізіне қарай баллистикалық зымыранның ұшырылғанын анықтады", - делінген мәлімдемеде.
Оңтүстік Кореяда Жапон теңізі ретінде де белгілі су айдынын Шығыс теңізі деп атайды.
Жапонияның NHK телеарнасының хабарлауынша, зымыран Жапонияның ерекше экономикалық аймағынан тыс жерге құлаған болуы мүмкін.
Сеул Пхеньянды зымыран ұшыруды тоқтатуға шақырды
Оңтүстік Корея, АҚШ және Жапония Солтүстік Кореяның зымыран ұшыруы туралы ақпарат алмасуды жалғастырып, қарулы күштерінің дайындығын сақтап отыр. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның штаб бастықтарының біріккен комитеті мәлімдеді.
Оңтүстік Корея президенті аппаратының ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі өкілдері Пхеньянды баллистикалық зымырандарды жиі ұшыруды дереу тоқтатуға шақырды.
Сеул Солтүстік Кореяның әрекеттерін жағдайды тұрақтандыруға септігін тигізбейтін қауіпті қадам, сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкцияларын бұзу деп атады.
КХДР әскери қуатын көрсетіп келеді
Бұл жолғы ұшырылым КХДР-дың кейінгі апталардағы әскери демонстрацияларының кезектісі болды. Солтүстік Корея гипердыбыстық зымыран жүйесін сынақтан өткізіп, жауынгерлік атыс жаттығуларын жүргізді, сондай-ақ, жаңа әскери кемені іске қосты.
КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын АҚШ-тың дипломатиялық келіссөздерді қайта бастау туралы үндеулеріне қарамастан, елдің ядролық бағдарламасын дамытуды жалғастырып жатқанын көрсетіп келеді.