Жалақы уақытында төленбесе: қазақстандықтар қайда шағымдана алады?
Жалақы белгіленген мерзімде түспесе, қызметкер не істеуі керек және қайда жүгінуі қажет? Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төлем кешіктірілген жағдайдағы іс-қимыл тәртібін түсіндірді. Tengrinews.kz өз құқығыңызды қалай қорғап, берешекті ғана емес, тұрақсыздық айыбын да қалай алуға болатынын баяндайды.
Жалақы қашан төленуі керек?
Еңбек кодексіне сәйкес, жалақы айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуі тиіс. Нақты күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді.
Егер төлем күні демалыс немесе мереке күніне сәйкес келсе, жалақы бір күн бұрын төленуі керек.
Сондықтан бірінші қадам - келісімшарта белгіленген жалақы төлеу күнін тексеру.
Жалақының кешіктірілуіне қатысты қайда шағымдануға болады?
Егер белгіленген мерзім өтіп, ақша түспесе, алдымен жұмыс берушіге жүгініп, өтінішті тіркеген жөн.
"Мәселе шешілмесе, жұмыскер жұмыс берушінің тұрған жеріндегі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге құқылы. Өтінішті eOtinish жүйесі арқылы электрондық форматта да жіберуге болады", - деп хабарлады Еңбек министрлігі.
Шағымға қандай құжаттарды қоса беру керек?Өтінішке еңбек қатынастарын және берешекті растайтын құжаттарды қоса тапсыру қажет: еңбек шарты, есеп айырысу парақтары, банк көшірмелері, бұйрықтар және басқа да құжаттар.
Жалақының кешіктірілуіне байланысты тұрақсыздық айыбы: үстінен қанша төленуі тиіс?
Жалақы кешіктірілген жағдайда жұмыс беруші берешекті өтеп, кешіктірілген кезең үшін тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, тұрақсыздық айыбы төлемнің белгіленген мерзімінен кейінгі күннен бастап, есеп айырысқан күнге дейін әрбір күнтізбелік күн үшін есептеледі. Оның мөлшері жалақы төлеу міндеттемесі орындалған күні қолданыста болған Ұлттық банк базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері бойынша есептеледі.
Еңбек инспекциясы не істей алады?
Мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметкерлердің еңбек заңнамасын бұзу туралы өтініштерін қарастырады және негіз болған жағдайда заңда қарастырылған шараларды қабылдайды.
Атап айтқанда, берешек расталған жағдайда, жұмыс беруші қызметкер алдындағы берешекті өтеуі тиіс.
Жалақыны кешіктіргені үшін айыппұл қарастырылған
Жалақыны белгіленген мерзімде төлемегені, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен тұрақсыздық айыбы есептелмегені және төленбегені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабына сәйкес айыппұл мөлшері:
лауазымды адамдарға - 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге);шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 60 АЕК (259 500 теңге);орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 100 АЕК (432 500 теңге);ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 150 АЕК (648 750 теңге).
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтарға туған күнінде ақылы демалыс берілуі мүмкін