Жылы күндер аяқталды: Қазақстанда күн күрт суытады
"Қазгидромет" мамандары 3, 4 және 5 қазанға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Болжамға сәйкес, Қазақстандағы жылы күндер суық пен қолайсыз ауа райына ұласады. 3-5 қазан аралығында ел аумағын қуатты солтүстік циклоны қамтиды: жаңбыр, қар, көктайғақ болып, жел күшейеді деп күтіледі.
Күзгі ауа райы күрт өзгереді
Синоптиктердің мәліметінше, қыркүйек соңындағы жылы күндерден кейін Қазақстанда ауа райы күрт құбылады. Елдің барлық аумағында жауын-шашын - жаңбыр мен қар жауады деп күтіледі.
Солтүстікте кезең соңына қарай түнде қар жауып, көктайғақ пен жаяу бұрқасын болуы мүмкін. Елдің батысы мен солтүстігінде түнгі және таңертеңгі уақытта тұман болады деп болжанады.
Түнде -6 градусқа дейін суытады
Температура, ең алдымен, елдің солтүстік бөлігінде айтарлықтай төмендейді. Онда түнде -1-ден -6 градусқа дейін аяз болады.
Күндіз солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта ауа температурасы тек 0...+5 градусқа дейін ғана көтеріледі. Шығыста +7...+12, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста +10...+15 градус жылы болады.
Таулы аймақтарда температура 0...+5 градус шамасында болады.
Сонымен қатар, Қазақстанның батысында күн жылырақ болады: онда күндізгі температура +10...+18 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Жаңбыр қарға ұласады
Елдің оңтүстігі мен шығысында негізінен жаңбыр жауады. Солтүстік өңірлерде кезең соңына қарай жауын-шашын қарға ұласуы мүмкін.
Республика бойынша жел күшейеді деп болжанады.Қазақстанда қазан айы қандай болады?
Бұған дейін синоптиктер Қазақстандағы 2026 жылдың қазан айына арналған ауа райы болжамын нақтылаған болатын. Күздің екінші айы күрт суытумен, жаңбырмен және қармен басталады, алайда кейін елге жылымық оралады. Оңтүстікте кей кезеңдерде температура +30 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Толығырақ осы жерден оқыңыз.