20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың өлімі: Семейде сот басталды
Семейде Абай облысы Бородулиха ауданында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованы өлтіру ісі бойынша сот отырысы басталды. Қыз көптеген пышақ жарақатынан көз жұмған. Іс бойынша оның бұрынғы жігіті айыпталып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қайғылы оқиға биыл жазда болған. Қыздың денесі 13 шілдеде қара жол бойынан табылды. Прокурордың айтуынша, 13 шілдеге қараған түні айыпталушыға бұрынғы сүйіктісінен Бородулиха ауылының орталығында кездесу туралы хабарлама келген. Ол келіскен. Дильназ оны досымен бірге күтіп алған. Содан кейін досымен қоштасып, айыпталушымен сөйлесуді жалғастырған.
Көше бойымен келе жатқанда, екеуі сөзге келіспей қалған. Айыптау нұсқасы бойынша, қыз жігіттің бетінен алақанымен тартып жіберген, содан кейін ол да қызды ұрған.
"Сотталушыда қылмыстық ниет туындаған. Ол қалтасынан алдын ала дайындап қойған жиналмалы пышақты шығарған. Өз әрекетімен жәбірленушінің өліміне себеп болуы мүмкін екенін түсіне тұра, айыпталушы марқұмның мойын тұсына соққы жасап, ұйқы артериясын зақымдаған. Жұмағұлова жарақатын басып, сәл отырып қалған. Қыз айқайлай бастайды деп қорыққан ол, есеңгірету үшін пышақ сабының негізімен төбе мен желке тұсына бар күшімен соққылар жасаған", - деп оқыды айыптау актісін іс бойынша прокурор Евгений Краузе.
Фото сот залынан: Tengrinews.kz
Алған соққылардан қыз жерге құлаған. Айыптау актісіне сәйкес, сотталушы оның желке, мойын, иық және жауырын тұсына пышақ жүзімен 10-ға жуық соққы жасаған. Алған жарақаттарынан қыз есінен танып қалған.
Айыптау актісіне сәйкес, қыз қайтыс болды деп ойлаған сотталушы, мәйітті ауыл шетіне жасыруды ұйғарған. Сүйреп бара жатқанда, ол пышақпен тағы бір рет денеге өтпеген жарақат салған. Мәйітті бірнеше метрге сүйрегеннен кейін сотталушы шаршап, тактикасын өзгерткен.
"Жұмағұлованың міндетті түрде өлуіне бағытталған әрекетін жалғастырып, ол тағы бар күшімен басынан, иығынан және сол жақ кеуде тұсынан төрт рет пышақ сұққан. Бұл уақытта Жұмағұлова жерде өмір белгілері жоқ күйде жатқан ", - деп хабарлады айыптау актісін оқу кезінде прокурор.
Сотталушы қыздың мәйітін үйлердің маңындағы қара жолға қалдырып, қылмыс орнынан қашып кеткен.
Сараптама мәліметінше, өлімге ішкі мүшелердің жедел қансырауы себеп болған, бұл жағдай кеуде қуысының алдыңғы бөлігінің кесілген-тесілген жарақаттары мен ұйқы артериясының зақымдануы салдарынан туындаған.
"Сондай-ақ бас сүйек күмбезі мен негізінің сынуымен қатар жүретін ашық бас-ми жарақаты және өзге де жарақаттар анықталды. Сараптама негізінде, ашық бас-ми жарақаты "соққы-қысу" механизмімен кемінде екі рет доғал қатты заттардың әсерінен болған және өмірге қауіптілік критерийі бойынша денсаулыққа ауыр зиян келтіруге сәйкес келеді. Осылайша, сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасады. Кісі өлтіру, яғни басқа адамның өліміне заңсыз қасақана себеп болу", - деп хабарлады сотта прокурор Евгений Краузе.
Марқұмның туыстары процеске БАҚ-тың қатысуын қолдады. Айыпталушы мен прокурор, керісінше, журналистердің қатысуына қарсы болды. Жәбірленушілердің қорғаушысы Тамара Панасенко бұл іс қоғамдық резонанс тудырғанын, сот отырысы ашық екенін атап өтіп, процесті жариялау үшін БАҚ-тың қатысуын жақтады.
Прокурор айыпталушы мен марқұмның бұрын кездесіп жүргенін айтып, жеке өмірге қатысты егжей-тегжейлі мәліметтер тарамауы үшін БАҚ-тың қатысуына қарсы шықты.
Нәтижесінде журналистерге прокурордың айыптау актісін оқу кезінде сотқа қатысуға, содан кейін үкім жарияланатын отырысқа келуге рұқсат берілді.
Журналистер марқұмның туыстарымен тілдесті. Анасының айтуынша, ол іс материалдарымен танысқан және онда мұндай мәліметтер жоқ.Марқұмның анасы Динара Артаева. Tengrinews.kz фотосы
"Біз танысқан тергеу материалдары бойынша, сотталушы екеуінің арасында ешқандай жақын қарым-қатынас болмағанын айтқан. Оның үстіне, қызым онымен көп сөйлескен жоқ. Олар былтыр маусым-шілде айларында сөйлесе бастаған. Тамызда дос ретінде кездесе бастады. Үш ай сөйлесті: тамыз, қыркүйек, қазан. Кейін айырылысып кетті. Мен бұл уәжді негізсіз деп санаймын. Қандай жеке өмірдің егжей-тегжейі болуы мүмкін?" - деді марқұмның анасы Динара Атаева.
Марқұмның ата-анасы істің саралануымен де келіспейді. Іс сотқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен түскен. Олар алған жарақаттардың сипатын ескере отырып, сотталушының әрекетін осы баптың 2-бөлігімен - ауырлататын мән-жай кезіндегі кісі өлтіру деп саралау керек деген пікірде.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің санкциясы 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Ал 99-баптың 1-бөлігі бойынша 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан пйыру қарастырылған.
"Айыптау актісінің мазмұнымен келіспейміз. Бас сүйекті сындырған доғал зат табылмады деп есептейміз. Тергеуші бұл пышақтың сабы деп жазған. Сараптама бұл тегіс доғал зат екенін көрсетті. Бірақ пышақ сабы қалай тегіс болуы мүмкін? Біз бұған келіспейміз. Істі қайта саралауды талап етеміз", - деді қаза болған қыздың әкесі Сабыржан Темірхан.
Қаза тапқан Дильназ Жұмағұлованың анасының айтуынша, қызы әдетте демалыс кезінде кешкісін достарымен серуендейтін. 13 шілдеде де ол үйден шығып кеткен. Алайда кейін олардың ортасынан ешкім серуенге шықпағаны белгілі болды - Дильназ бір досын ғана кездестірген.
Анасы қызының өміріне қауіп төніп тұрғанын сезбеген. Марқұм мен айыпталушы бұрын бір мектепте қатарлас сыныптарда оқыған. Қайғылы оқиға кезінде екеуі де Семейдегі оқу орындарының студенті болған және Бородулихаға демалысқа келген.
Семейде 19 жастағы қыз пышақ жарақатынан қаза тапты
Өткен аптада Семейде 19 жастағы қыз пышақталғаннан кейін көз жұмғаны хабарланған болатын. Қайғылы оқиға қала маңындағы Водный кентіндегі көшелердің бірінде болған. Күдікті - марқұмның бұрынғы жігіті. Абай облыстық полиция департаменті кісі өлтірді деген күдікті ұсталғанын хабарлады. Ол ауданның 24 жастағы тұрғыны. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.