Ғалымдар Каспий теңізінен балықтың жаңа түрін тапты
Ғалымдар бұзаубас балықтардың жаңа екі түрін анықтады. Оларға каспийлік бақабас және скифтік бұзаубас-цуцик атауы берілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ресей ғылым қорына сілтеме жасап.
Зерттеу нәтижелері Journal of Ichthyology-да жарияланғаны хабарланды.
РҒА Экология және эволюция мәселелері институтының (Мәскеу) жетекші ғылыми қызметкері Борис Левин Каспий балықтарына жүргізілген жаппай генетикалық талдау барысында бұзаубас балықтардың бұрын белгісіз болған генетикалық әртүрлілігі анықталған.
"Атап айтқанда, бұзаубас балықтардың екі туысы - бақабастар мен бұзаубас-цуциктер арасынан жаңа генетикалық желілерді таптық, олар жеке түр болып шықты", - деп келтіреді қор оның сөзін.
Анықтама: РҒҚ конкурстық іріктеуден өткен ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру арқылы ғылыми зерттеулер мен ізденіс жұмыстарына қаржылық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.
Қор сайтындағы мәлімет бойынша, бұл жаңалық ғалымдардың 2021–2025 жылдар аралығында Каспий теңізі бассейнінің әртүрлі бөліктерінде жүргізген экспедициялары кезінде ашылды. Зерттеушілер бұзаубас тұқымдас ұсақ су түбі балықтарының әртүрлілігі мен таралуын зерделеген. Олардың мәліметінше, кейбір өкілдері қауіпті инвазивті түрлерге жатады және Еділ мен Еуразия, Солтүстік Американың бірқатар басқа өзендеріне белсенді түрде таралған. Сондықтан ғалымдар бұл балықтардың тіршілік ету ортасын, таралу ерекшеліктерін және өмір сүру салтын зерттеуді жалғастырып жатыр.
Мәліметтер алу үшін ғалымдар Каспий теңізі мен оған құятын өзендерден балық аулап, ДНҚ үлгілерін алған. Олар COI генінің құрылымын талдады, өйткені бұл ген құрылымындағы шағын өзгерістер омыртқалы жануарлардың әр түрлерінде айтарлықтай өзгешеленеді.
Зерттеу нәтижесі күтпеген жағдай болды: Каспий теңізінде бақабас-бұзаубастардың екі емес, үш түрі мекендейтіні анықталды. Бұл ретте Каспий бассейнінде бұрын белгілі болған алты түрдің орнына цуцик-бұзаубастарның кем дегенде жеті түрі бар екені белгілі болды.
"Benthophiloides caspius есімін иеленген бақабастардың жаңа түрін ғалымдар Қазақстан жағалауында оны жемек болған сужыланмен бірге ұстап алды. Ол өте сирек кездесетін түр болып шықты, өйткені осы уақытқа дейін биологтар Каспийдегі бұл балықты екі рет қана ұстап, зерттей алған", - делінген қор хабарламасында.
Цуцик-бұзаубастарының жаңа түрі - Proterorhinus scythicus геномын талдау олардың осы топтың қаратеңіздік өкілдерімен байланысы бар екенін көрсетеді. Зерттеушілердің пікірінше, бұл Қара және Каспий теңіздері арасындағы көне байланыстың (шамамен 2,1 миллион жыл бұрын болған) дәлелі болуы мүмкін.
Сондықтан жаңа түр "скифтік" деген атау алды. Ғалымдар Каспий және Қара теңіз балықтарын одан әрі зерттеу олардың эволюция тарихын және түрлерінің таралу ерекшеліктерін толығырақ қалпына келтіруге мүмкіндік береді деп санайды.
Қазақстан АШМ не дейді?
Ведомство "Journal of Ichthyology" ғылыми журналында бұзаубас балықтардың ғылымдағы жаңа түрі – Benthophiloides caspius сипатталғанын хабарлады.
"Бүгінде осы түрдің белгілі екі данасының бірі Каспий теңізінің Қазақстан жағалауындағы Тоқмақ мүйісінен табылды. Түр морфологиялық белгілер мен молекулалық-генетикалық талдау негізінде бөліп көрсетілді. Осылайша, Қазақстан жағалауында ғылымдағы жаңа балық түрі – Benthophiloides caspius табылғаны расталды. Бұл ретте мәселе Каспий теңізінде жаңа түрдің пайда болуы немесе оған келуі туралы емес, бұрын дербес түр ретінде бөлінбеген балықтың ғылыми сипаттамасы туралы болып отыр", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
2026 жылы тағы бір жаңа түр - Proterorhinus scythicus сипатталды. Алайда, баспасөз қызметі оны сипаттауға негіз болған материал Еділ сағасы мен Шығыс Маныч өзенінен алынғанын атап өтті.
"Аталған жарияланымда оның Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен табылғаны туралы мәліметтер келтірілмеген. Benthophiloides caspius-тың екі данасы ғана белгілі екенін ескере отырып, оның Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі таралуын, санын және популяциясының жай-күйін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет", - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Бұған дейін ғалымдар 100 жылдан бері алғаш рет мысықтың жаңа түрін анықтағаны белгілі болған еді. Оған Leopardus tilcayo немесе тилкайо жолбарыс мысығы деген атау берілді.